ДИКТОР: Зеренді ауданында балық аулаудан қысқы ашық турнир өтті. Аймақтың түкпір-түкпірінен жиналған 50-ге жуық әуесқой балықшы Зеренді көлінде бас қосып, өзара мықтыны анықтады.

РКС: Қыстың қытымыр аязы жарысқа жиналған балықшылар үшін кедергі емес. Суыққа мойымай, олжаға үмір артқан балықшылар үшін бұл жарыс – шынайы бәсеке мен мереке. Солардың бірі - зеренділік Иван Антонияди. Мұз ойып, қармақ салуды өмір салтына айналдырған ол, мұндай жарыстарды қалт жібермейді. Бұл жолы да олжасыз қайтпай, жолдасымен бірге 200-ге жуық балық аулап, жүлделі үшінші орынды иеленді.

СНХ: ИВАН АТОНИЯДИ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (ЗЕРЕНДІ): Бұл сайысқа алғаш қатысып отырған жоқпын. Жарыс тартысты өтті. Ұйымдастырушыларға рахмет. Қатысушылардың қарасы қалың. Басқа ауданнан келген қатысушылар да бар. Ауа райы қолайлы, сәл салқын, бірақ біз үшін тосқауыл емес. Қармақ салып, олжалы болып жатырмыз.

РКС: Ал көкшетаулық Алексей Парфинович бұл додаға алғаш қатысқанымен, шеберлігін дәлелдеп, жүлделі екінші орыннан көрінді.

СНХ:АЛЕКСЕЙ ПАРФИНОВИЧ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (КӨКШЕТАУ): Өзім бала кезімнен балық аулауға әуеспін. Бірақ 1-ші рет қатысып отырмын. Бүгін міне, арнайы келдім. Ауа райы тамаша. Осындай тартысты әрі қызықты жарыстар жиі өтсе екен.

РКС: Жалпы сайысқа екі адамнан құралған 25 команда қатысты. Жеңімпаздар үш сағат ішінде ауланған балық саны бойынша анықталды. Сондай-ақ, қармағына ең ірі шортан мен ең ірі алабұға түскен қатысушыларға арнайы номинациялар табысталды. Турнир қорытындысы бойынша үздік балықшылар кубок, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл жарысты алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ