ДИКТОР: Қазір тауар сатудың сан түрлі амалы бар. Бірі адал еңбегімен нәпақа тапса, енді бірі тұтынушыға тауарды сатудың түрлі айла-тәсілін қолданады. Алдымен олар тұрғындарды «тегін сыйлық» пен «ұтыс ойыны» деген желеумен арнайы таныстырылымға шақырып, тегін массаж бен бағалы сыйлық уәде етеді. Ал тиімді көрінген ұсыныстың соңы көп жағдайда қомақты несиеге ұласады. Шаһарда осындай жалған арбауға алданған тұрғындардың саны артып келеді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Саудагерлердің арбауына түскен қала тұрғыны Галина Токарева жұбайымен бірге массаж құрылғысының таныстырылымына барып, бір миллион теңгеден астам қарызға батқандардың бірі. Ұйымдастырушылардың сөзіне сеніп, қымбат аппаратты несиеге рәсімдеп, үстіне сыйлықтарын да алып қайтады. Алайда қуанышы ұзаққа созылмайды.
СНХ: ГАЛИНА ТОКАРЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Күйеуім екеуміз әскери бөлімнің маңындағы «Доброцен» дүкеніне бардық. Сол жерде бір әйел брошюра таратып, массаж креслосының таныстырылымына шақырды. Тегін массаж жасаймыз, соңында шаңсорғыш сыйлаймыз деді. Сөйтіп, «бір миллион үш жүз он мың теңгеге» барып келдік. Өздері тауар таныстырылымы кезінде ұялы телефонды қолдануға тыйым салды. Барынша әлгі тауарды сатып алуға итермеледі. Мақтап, сендіреді. Оның әсерінен өзіңе сол массаж құрылғысы мен жапқыш ауадай қажет сияқты көрінеді. Сөйтіп несие рәсімдеп, алдық. Үйге бара жатқан жолда қуандым, тиімді ұсыныспен массаж креслосын алып шықтым ғой деп. Қайдан... Бұл тауардың нарықтағы бағасы бірнеше есе арзан екенін білгенде қуанышым су сепкендей басылды. Кейін қарыздан құтылудың жолын іздеп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіндім.
РКС: Мамандар мұндай сатылым тәсілдерінде агрессивті маркетинг пен психологиялық қысым қолданылатынын айтады. Ұйымдастырушылар сенімге кіріп, адамды ойлануға мұрша бермей, тез шешім қабылдауға итермелейді.
СНХ: ИННА САДЫКОВА, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: 2024 жылы осыған ұқсас деректер бойынша 19 адам жүгінді, нәтижесінде шамамен 20 миллион теңге қайтарылды. Ал былтыр 7 тұтынушы жүгінді. 8,5 миллион теңгесі қайтарылды. Заңға сәйкес, пайдаланылмаған тауарды 14 күн ішінде қайтаруға болады. Тұтынушылар белгілі бір тауарды сатып алмас бұрын оның сипаттамасы, сертификаты мен сәйкестік декларациясымен танысу керек. Сондай-ақ, мемлекеттік және орыс тілінде ұсынылатын нұсқаулықты талап етуі керек.
СНХ:САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Департамент тұтынушылардың құқықтарын сотқа дейінгі тәртіппен қорғауға көмектеседі. Кәсіпкер 10 күнтізбелік күн ішінде дәлелді жауап беруге міндетті. Былтыр тұтынушылардың пайдасына 82 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Негізінен бұл – тауарлар, байланыс қызметтері, коммуналдық және туристік қызметтер бойынша тіркелген деректер.
РКС: Сақтықта қорлық жоқ. Мамандар «тегін сыйлық» пен «ұтыс ойыны» деген уәделерге ермеуге шақырады. Келісім-шартты мұқият оқып, қысыммен несие рәсімдеуге келіспеу қажет. Күмән туындаған жағдайда құзырлы органдарға дер кезінде жүгінген жөн.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ