ДИКТОР: Белсенді ұзақ өмір орталығында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенттері аға буын өкілдеріне Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтың «Әпке» атты драмалық қойылымын сахналады. Шығарманың басты идеясы туралы тілші баяндайды.

РКС: Қойылымда анадан ерте айырылып, отбасының жауапкершілігін өз мойнына алған Қамажайдың тағдыры көрсетіледі. Ол бауырлары үшін жеке арманы мен бақытын құрбандық шалады. Мұндай кейіпкер қазақ қыздарының тәрбиелік және жауапкершілік қасиеттерін дәріптейді. Дәл осы шығарма жастар мен аға буын үшін тәрбиелік мәні зор,-дейді ұйымдастырушылар.

СНХ: КӨГЕРШІН ЕСКЕНДІРОВА, ҚОЙЫЛЫМ ЖЕТЕКШІСІ: Бұл драманы сахналау себебіміз, аға буын мен жас ұрпақтар сабақтастығын байланыстырып тәрбиелік мәнін аша түсу. Идеологиялық алаңын аша түсу. Біз осы белсенді ұзақ өмір орталығына келіп жүреміз. Сахналық қойылымдар қоямыз. Бұның тәрбиелік мәні өте зор. Драмадағы басты кейіпкер Қамажай. Өзінің өмірін бауырлары үшін құрбат етті. Бұл қазақ қыздарына тән образ деп айтуға болады. Осының тәрбиелік мәнін ашу үшін аға буынға келіп пікірлесіп отырамыз.

СНХ: ЕВГЕНИЙ КЛЕПЦОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен осы пьесада Темірбек деген кейіпкерді сомдаймын. Менің кейіпкеріме келер болсақ, ол басында ашушаң болады. Өзі бұзақылау, ерке. Бірақ, осы пьесаның соңында ол өзінің жақсы қырынан танылады. Бұл шығарма тәрбиелік мәні зор шығармалардың бірі. Маған қатты ұнады. Оқымаған кісілерге осы шығарманы оқуға кеңес беремін. Бұл менің екінші спектаклім. Осыған дейін біз «Абай жолы» деген романды қойғанбыз. Ол кезде Құнанбайдың қолбасшысының ролінде ойнағанмын. Өзіме жақын, өзіме ұқсас кейіпкерлерді таңдаймын.

РКС: Көрермен қатарында болған аға буын өкілдері драмалық қойылымнан ерекше әсер алғанын айтып, оның отбасы құндылықтары мен бауырмалдықты еске салатынын жеткізді. Студенттердің шынайы өнері әрбір кейіпкердің образын ерекше ашып көрсетті.

СНХ: ҚАҒИРА РАХЫМОВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНА КЕЛУШІ: Бұл шығарма өте шынайы адамның өмірін бейнелейді. Біз өте қуаныштымыз, бізге студенттер келіп, қойылымдарын қойып жатады. Біз қуана қуана көреміз. Мен өзім бірнеше күн бойы қатыспай жүргенмін. Бірақ спектакль болады деген соң бәрін тастап келіп тұрмын. Балаларға өте қатты ризамын. Олар ойнағанда керемет. Басқа адамның образына түсу деген оңай емес қой. Өзіңнің болмысыңнан ауытқып, жақсы адам болсаң жаман адамның роліне кіріп кету керек. Бүкіл болмысыңмен кіріп кету керек. Сонда ғана көрермен сенеді. Шынайы сені қабылдайды. Бұл балаларға үлкен сахнадан көрінулерін тілеймін.

РКС: Бүгінде отбасы құндылықтарының өзекті мәселеге айналғаны рас. Мұндай қойылымдар әр адамның отбасына және жақындарына деген жанашырлығын сезіндіріп, бауырмалдықты еске салады. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын бағалауды үйретеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ