ДИКТОР: Ақмола облысының туристік саласында тұрақты өсім байқалады. Аймақта туристер ағыны мен инвестициялар көлемі ұлғайып отыр. Сонымен қатар, демалыс аймақтарының инфрақұрылымы белсенді жаңартылып, туристерге ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Былтырғы нәтижелер мен аймақта жүзеге асырылып жатқан негізгі жобаларға қатысты толық ақпаратты тілші жеткізсін.
РКС: Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірге келетін туристердің саны 1 миллион 623 мың адамға жеткен. Бір тәулік немесе одан да ұзақ уақытқа қоныстанған туристер саны 26 процент өсіп, 530 мың адам болды. Ал қонақ үйлер көрсеткен қызметтердің көлемі 9 ай ішінде 22 процент ұлғайған. Бұл өсім туристер санының артуы мен демалыс аймақтарындағы тұру тарифтерінің көтерілуімен байланысты.
СНХ: АНДРЕЙ ПОДГУРСКИЙ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Неліктен мен дәл 9 айдың қорытындысын атап отырмын? Себебі, туризм көрсеткіштері бойынша ресми статистикалық есеп наурыз айында шығарылады. Дегенмен, болжам бойынша өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі шамамен 32 миллиард теңгедей деген болжам айта аламын. Қонақ үйлер мен отельдер көрсететін қызметтердің өсуі – туристер санының артуы мен курорттық аймақтардағы тұру бағасының көтерілуімен байланысты. 9 айдың қорытындысы бойынша өңірге туристік қызметтен түскен салық көлемі 3,1 миллиард теңге. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 процент жоғары. Ал жыл соңында туристік саладан түскен салықтар көлемі шамамен 4 миллиард теңге болады деп отырмыз.
РКС: Өңірде ішкі туризм әлі де негізгі бағыт ретінде қалып отыр және туристер ағынының басым бөлігін қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы негізгі жүктеме Щучинск-Бурабай курортты аймағына түседі. Былтырғы жылдың алғашқы 9 айында Бурабай курортына 1,4 миллион адам келді. Елдегі туризмді дамытудың негізгі үш орталығының біріне айналған бұл курорт үшін кешенді даму жоспары бекітілген. Наурыз айында қабылданған жоспарға 118 іс-шара кірді. Құны 137 миллиард теңге. Олардың басым бөлігі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда.
СНХ: АНДРЕЙ ПОДГУРСКИЙ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Өткен жылы жоспарланған 32 іс-шараның 15-і толық аяқталды. 9-ы қазір жүзеге асырылуда, ал 8 іс-шара бюджет тапшылығына байланысты қаржыландырылған жоқ. Бұл іс-шаралардың көбі инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты, сондықтан биыл олар қаржыландырылып, аяқталуы керек. Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмаларын орындау аясында Щучинск-Бурабай курортты аймағында инженерлік инфрақұрылым нысандарын қаңтарға дейін аяқтау керек болған кешенді жоспарға енгізілген 7 басым бағыт бойынша аяқталмаған жоба бар. Олардың құны – 3,7 миллиард теңге. Осы жобалардың қаржыландырылуы мен жүзеге асырылуы бірінші кезектегі міндет ретінде қарастырылуда.
РКС: Былтыр өңірге инвистиция тарту көлемі 38 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 42 процент артты. Бурабай, Шортанды және Бұланды аудандарында ірі жобалар жүзеге асырылды. Туристік инфрақұрылым да жаңарып, жаңа бақылау алаңдары, серуен жолдары, жағажайлар, санитарлық аймақтар, көлік логистикасы, тіпті тікұшақ арқылы экскурсиялар да іске қосылды. Астана қаласының маңынан экопарктер құру да жоспарланып отыр. Бұл туристік ағымды теңдестіріп, курорттарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ