ДИКТОР: Мемлекет тарапынан сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар стратегиялық жоба іске асырылуда. Солардың бірі «Серпін» бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі мақсаты оңтүстік өңірдің жастарын солтүстік аймақтардағы жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарына тарту арқылы тегін білім алуға жағдай жасау. Қазір Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Серпін» бағдарламасы аясында 250-ге жуық студент білім алып жатыр. Осыған орай университет базасында бағдарламаның іске асырылу барысын талқылауға арналған жобалық кеңсенің кезекті отырысы өтті. Шараға Көкшетау қаласындағы университеттер мен колледждердің оқытушылары мен студенттері қатысты.
РКС: «Серпін» бағдарламасы Ақмола облысында 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне 4 мыңнан астам студент қабылданып, олардың 2 мыңдайы оқуын табысты аяқтады. Бағдарлама аясында білім алушылар педагогикалық, ауыл шаруашылығы, ІТ және техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша даярлануда.
СНХ: ЖАНСАЯ ТАҢСЫҚ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ І КУРС СТУДЕНТІ: Мен мұнда «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түстім. «Серпін» бағдарламасы Оңтүстіктің балаларын Солтүстікке жіберу арқылы, оларға тек сапалы білім беріп қана қоймай, жаңа ортаға бейімделуге, дамуға жол ашады. Және оқуға түскен студенттерге университет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Олар жайлы, таза жатақханамен қамтамасыз етіліп, қауіпсіз өмір сүре алады.
РКС: Солтүстік өңірлердің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды мемлекеттік жобаның квотасын тек ауылдық елді мекендердің түлектері ғана иеленеді. Атап айтқанда, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарынан шыққан талапкерлер қатыса алады.
СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ: Біз көктемнен бастап кәсіптік жұмыс жасап, университет туралы айтып, үгіт насихат жұмыстарын жүргіземіз де бізге шақырамыз. Мемлекеттік деңгейде оларға арнайы «Серпін» квотасы беріледі. Бірақ олар басқа талапкерлер сияқты ҰБТ-ны тапсырады. Өздерінің баллын алады. Одан кейін жаңағы квотаға ие болса, онда бізге оқуға қабылданады.
РКС: Жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі. "Серпін" бағдарламасының түлектері оқуын аяқтаған соң грантты өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды және ол бойынша жұмыс істеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ