ДИКТОР: Көкшетауда алғаш рет "Қалқан-2026" қысқы әскери-қолданбалы көпсайысы өтті. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам студент пен оқушы қатысты. Аталмыш жарыс 3 кезеңнен тұрды. Жарыста жоғары көрсеткішке қол жеткізген 3 жасөспірім алдағы уақытта республикалық сайыста өңір намысын қорғамақ. Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
РКС: Бірінші кезеңде студенттер мен оқушылар шаңғы жарысына қатысты. Әмір Мәулен Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенті. Ол бұған дейін де бірқатар әскери жарысқа қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мұндай жарыстар өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялатады, - дейді ол.
СНХ: ӘМІР МӘУЛЕН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Өз колледжімнің намысын қорғаудамын. Бұл менің бірінші жарысым емес. Осыған дейін 2 жыл бойы "Жас сарбаз", "Айбын" және де "Отан қорғаушы" жарыстарына қатысқанмын. Жалпы, жарыс ұнап жатыр.
РКС: Бұл жарыстың екінші кезеңі. Сайыс Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі мен облыс орталығындағы №4 орта мектебінің қабырғасында өтті. Мұнда жастар арнайы киімдерін киіп, калиберлі қарудан оқ атуда. Тек бозбалалар ғана емес, қыздардың да мерген болуға ұмтылысы жоғары. Олар жақсы нәтиже көрсетуде. Соның қатарында Шапағат Сәрсенбай да бар. Ол Қосшы қаласының намысын қорғауға келген. Жеңіске деген құлшынысы да жоғары.
СНХ: ШАПАҒАТ СӘРСЕНБАЙ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Қарсыластарымыздың барлығы жақсы дайындықпен келген екен. Енді осы жарыста жеңеміз деген ойдамыз.
РКС: Ал, үшінші кезеңде жасөспірімдердің күштік деңгейі тексерілді.
СНХ: МАРАТ ТОҚСАНБАЕВ, АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ: Бұл жарыстың мақсаты жас сарбаз руспубликалық жасөспірімдер әскери патриоттық қозғалысының тәрбиелеушілер арасында жан-жақты даму, жетілдіру, Қазақстан Республикасының қару күштеріне міндет атқаруға жастарды дайындау және "Қалқан-2026" бесінші қысқы республикалық жарысқа Ақмола облысының командасын іріктеу болып табылады.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша 14-15 жас аралығындағы қыздар арасында бірінші және екінші орынды Бурабай ауданынан келген Полина Иванова мен Мария Жинова еншіледі. Үздік үштікті Көкшетау қаласының оқушысы София Соловьева қорытындылады. Ал, ұлдар арасында бірінші орынды көкшетаулық Нариман Бірімжан, екінші орынды Степногорск қаласынан келген Никита Зиновьев иеленді. Үшінші орынға Ақкөл ауданының намысын қорғаған Артем Патай тұрақтады. Сонымен қатар, 16-17 жас аралығында степногорскілік Мұса Халид пен Ян Орынбеков алғашқы екі орынды өзара бөлісті. Зеренділік Расул Қайыргелді үшінші орынды иеленді. Қыздар да жоғары саптан көрінді. Бірінші орынға көкшетаулық Ирина Чепрасова тұрақтады. Екінші орынды Зеренді ауданынан келген Дарья Фролова, ал үшінші орынды Тамила Попкова еншіледі. Ол Сандықтау ауданының намысын қорғады. Колледждер арасында Щучинск жоғары педагогикалық колледжінің студенттері бірінші және үшінші орынды еншіледі. Ал, екінші орынды Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің өкілдері иеленді. Енді олар республикалық жарысқа дайындықты бастайды.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ