ДИКТОР: Күні кеше Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы ел дамуының іргелі бағыттарына тоқталды. Соның ішінеде қоршаған ортаны қорғау мәселелерін де ерекше атап өтті. Президент көтерген бұл бастамалар Ақмола өңірінде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аймақта экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты шаралар қолға алынды. Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.

РКС: Тазалық пен тәртіп қоғамдағы жауапкершілікті арттырып, елдің экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан – жай ғана әдемі ұран немесе уақытша науқан емес. Бұл – әр күнгі тынымсыз еңбек пен жауапкершіліктің нәтижесі», – деп атап өтті.

ИНФОГРАФИКА:

СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Негізгі заңға, соның ішінде, Преамбуланың жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құруға, сондай-ақ табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты қағидаттарды енгізу керек деп санаймын. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына, волонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға белсене қатысу – жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық көрінісі. «Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.

РКС: Қысқы маусымда аулалар мен көшелерде тазалық шаралары мен қар тазалау сенбіліктері апта сайын ұйымдастырлады. Сонымен қатар, құстарға қамқорлық жасауға бағытталған экологиялық бастамаларға да ерекше мән берілуде. Көкшетаудағы колледждер мен жоғары оқу орындарында волонтерлік ұйымдар мен экологиялық клубтар ашылған. «Бір уыс дән – бір өмір», «Адал азамат – табиғат жанашыры» сынды акциялар арқылы жас буынның экологиялық жауапкершілігі артып келеді. Жастармен жұмыс істейтін ұйымдар да қоғамдағы маңызды бастамаларды қолдап отыр.

СНХ: ДИДАР ХАМЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ФРОНТ-КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Жыл басталғалы біздің өзіміз, яғни қазіргі уақытта «Қарлы десант» акцияларын өткіземіз. Бізде 100-ден астам отбасының, яғни жалғыз басты әжелер бар, оның ішінде әлеуметтік социалдық тұрғыда орталардан жаңағы төмен отбасылар бар. Солардың барлығына көмек көрсетіліп жатыр. 100-ден астам отбасыға көмек көрсетілген болатын. Алдағы уақытта да қысқы уақыт бойы қар жауған уақытта барша волонтерлеріміз осы жұмыстармен айналысатын болады.

СНХ: ДАНАГҮЛ ІЛИЯС, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында өткен 5-ші құрылтайдағы сөзінде «Таза Қазақстан» ол жай ғана ұран емес, әр азаматтың, әрбір жеткіншектің, әрбір жастың өзінен басталатын бір үлкен жоба ретінде пікірін білдірсе, өйткені қазіргі таңда біздің колледжімізде бүгіннен бастап емес, бірнеше жылдар бойы қалыптасқан «Эколенд» экологиялық клуб жұмыс істейді. «Таза Қазақстан» жобасы аясында колледжде студенттердің ұйымы жұмыс істейді. Ұйымда 20-30-ға тарта студенттер колледждің тазалығына, қаланың тазалығына белсенділік танытып, өздерінің атқарып жатқан жұмыстарын көрсете білді. Ағаш отырғызу, қаланың тазалығын сақтауда жастар ресурстық орталығымен, облыстық жастар ресурстық орталығымен бірге жұмыс істеп, белсенділіктерін көрсетуде.

РКС: Көшелер мен аулалардың тазалығы, қоғамдық орындардың көркі артқан сайын тұрғындар да өздерін жайлы сезінеді. Екіншіден қоғамдағы жауапкершілік те нығаяды. Волонтерлер мен жастардың белсенділігі бұл үрдісті тұрақты әрі нәтижелі етіп отыр.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ