ДИКТОР: Көкшетауда қоғамдағы заңның үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жастарға арналған тегін қойылым ұйымдастырылды. Тәрбиелік мәні зор спектакльге қала мектептерінен екі жүзге жуық оқушы жиналды. Сахнада бейнеленген тағдырлар өскелең ұрпақтың санасына қандай ой салды? Тілші баяндасын.

РКС: «Емтихан» драмасы мектеп қабырғасындағы өзекті мәселені арқау етті. Сахналық туынды ұстаз бен шәкірт арасындағы адамгершілік, сенім мен жауапкершілік секілді өмірлік маңызы зор ұғымдар жөнінде терең ойға жетелейді. Әр кейіпкердің болмысы, ішкі арпалысы, таңдауы мен алға қойған мақсаты, шынайы сезімі айқын көрініс тапты.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МАРАТ БАҚТЫБЕКҰЛЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің ең басты мақсатымыз ол мектеп оқушыларын заңға бағыну қажеттілігін, аға буындарды құрметтеуге қажеттілігін сонымен қатар өмірде келіп отқан, өздерінің басына келген оқиғаларды сол спектакльден қарап, өздеріне тиісті тұжырымдама жасау үшін біз жасап отырмыз. «Заң және тұжырымдама» ол жерде ең басты мақсат әр азамат, біздің мемлекетіміздің азаматы заңды, тәртіпті сақтауға шақыру. Әр азамат өз үлесін қосса сол заңды сақтауға, тәртіпті сақтауға біздің болашақ мемлекетіміз құқықтық дамыған мемлекет болады.

РКС: Шара заңға құрмет пен ұлттық тәрбие ұғымдарын қатар ұштастырады. «Айтылатын ойы өте өзекті, әркім өзіне керегін алады: мұғалім де, бала да, тіпті ата-ана да», - дейді ұйымдастырушылар.

СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Бауыржан Момышұлының бір керемет сөзі бар, қанатты сөзі «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Бұны оқушымен бірге ата-ана да көріп, ой түюге болады. Керемет қанатты сөз бар қазақта «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген. Біз мынау жас ұрпақ тәрбиесінен қателеспеуіміз керек. Біз қалай білім береміз, жастарды қалай тәрбиелейміз, біздің қоғам да, ұлт та солай қалыптасады.

РКС: Негізгі көрермен – 9-11 сынып оқушылары. Олар өздерінің қойылымнан алған әсерлерімен бөлісті.

СНХ: САҒЫНЫШ АЛТЫНБЕК, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №3 ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Мен жаңа ғана «Емтихан» қойылымынан шықтым. Негізі емтихан деген тақырып өте ауқымды тақырыптардың бірі ғой, біз бұл емтихан тақырыбында балалардың баға жөніндегі теңсіздігі, өздерінің түсінбегені, психологиялық тұрғыдағы түрткілер, мұғалім мен баланың арасындағы қарым-қатынастар, соның барлығы жайлы білген болатынбыз. Емтиханның әділ өтуі маңызды, әрбір баланың оны түсінгені маңызды роль ойнайды. Біз әрбір емтиханның адал әрі әділ жазылғанын қолдаймыз. Бүгінгі қойылған емтихан қойылымынан алған әсерім өте ерекше, тәрбиелік мәні зор, психологиялық тұрғыда да барлық жағынан бізді тартады деген үміттеміз.

СНХ: КАМИЛА САҒЫНДЫҚ, №9 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Бұл спектакль арқылы әр оқушы өзіне керекті қасиеттерді алды деп ойлаймын. Өйткені бұл спектакль арқылы оқушы өзіне жалпы мұғалім мен бала арасындағы, мектепішілік тәртіпті сақтауға шақырады деп ойлаймын. Спектакль арқылы оқушылар көрген нәрсесін, ұққан нәрсесін шын өмірде де көрсететін болады. Кейбір оқушылар нағыз осы ауқымды тақырып, заң мен тәртіп тақырыбында адасып кетіп жатса, осы спектакльдер оқушыларды дұрыс жолға салады деп ойлаймын.

РКС: Біліміне алған бағаны өзгертуге ұмтылған жасөспірімдер мен қағидатынан таймаған ұстаз арасындағы тартыс қалай аяқталады? Қойылым бір сыныптың проблемасын ғана көрсеткен жоқ, ол тұстас қоғамның әлеуметтік әрі моральдық мәселесін көпшілік талқысына салды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ