ДИКТОР: Қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау — полиция қызметкерлерінің басты міндеті. Олар тәулік бойы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қылмыстың алдын алып қана қоймай, әрбір тұрғынның қауіпсіз өмір сүруіне үлес қосуда. Тәртіп сақшыларының қызметімен тілшіміз танысып қайтты.

РКС: Тимур Бәжіров ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніне 6 жылдан асты. Қызмет жолын патрульдік полиция батальонында бастаған. 2023 жылы полиция басқармасына жедел уәкіл лауазымына ауыстырылды. Оның негізгі міндеттері құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ азаматтарға көмек көрсету.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ТИМУР БӘЖІРОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Мен интернет саласындағы қылмыстарды ашумен айналысамын. Жұмысымыз оңай емес. Күн сайын, демалыссыз қызмет атқарып, адамдарға көмектесуге тырысамыз. Сонымен қатар, міндеттеріміз қылмыстарды ашу ғана емес, олардың алдын алу. Қызмет атқарып жүргеніме 6 жыл болды, осы уақыт ішінде отбасылы болдым. Сүйікті жарым және екі бірдей тамаша қызым бар. Балалық шағымдағы арманым — адамдарға көмектесу еді. Осы мақсатта колледжге оқуға түсіп, орта арнаулы білім алдым. Кейін әскери қызметке шақырылып, мерзімді әскери қызметімді өтедім. Мерзімді әскери қызметті аяқтаған соң құжат тапсырып, конкурстық іріктеуден өтіп, полиция қызметіне қабылдандым.

РКС: Асхат Ысқақов қызмет жолын 15 жыл бұрын бастаған. 2017 жылы алғаш рет кіші лейтенант атағын алып, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ретінде қызмет етті. Былтыр Асхат полиция басқармасының жедел уәкілі лауазымына тағайындалды. Асхаттың айтуынша, патрульдік полиция батальонында қызмет ету өте қызық болған. Дегенмен, жедел уәкіл лауазымында да азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тәулік бойы қызмет етуге тура келеді.

СНХ: АСХАТ ЫСҚАҚОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Полиция қызметкері болуды арманым еді. Азаматтарға көмек көрсету. Арманым орындалды. Қызметіміз өте қызықты, жауапты және қауіпті. Негізгі міндетім — қылмыскерлерді іздеу және із-түссіз жоғалған адамдарды табу. Алғашқы екі жыл психологиялық тұрғыдан өте қиын болады, жұмысқа бейімделу қажет. Кейін оған үйренесің. Жас қызметкерлерге көмек көрсетеміз, психологиялық және моральдық қолдау көрсетеміз. Ең қиыны — отбасына аз уақыт бөлуге тура келеді, себебі тәулік бойы жұмыста боласың.

РКС: Қызмет әрдайым жаңа сынақтар мен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір күнде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жаңа жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Дегенмен, осы жолда сенім мен тәжірибе жинап, әріптестерімізбен бірге қоғамға қызмет ету үлкен мәртебе. Полициядағы әр қызметкердің ең басты мақсаты — азаматтарға қауіпсіз және тыныш өмір сыйлау,- дейді тәртіп сақшылары.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ