ДИКТОР: Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2024–2025 жылдар аралығында 4 қаржылық пирамиданың құрылымдық бөлімшесінің қызметін тоқтатты. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өңірде қаржылық алаяқтықтың алдын алу және жолын кесу жүйелі түрде жүргізілуде. Ақпараттың анық-қанығын тілшіміз баяндасын.

РКС: Алаяқтық схемаларға 2 мыңнан астам салымшы тартылып, олардың салған қаражатының жалпы көлемі 1 миллиард теңгеден асты. Тергеу нәтижесінде 27 адам жәбірленуші деп танылды. Ал азаматтарға келтірілген жалпы материалдық шығын 80 миллион теңгеден асады. Мамандардың айтуынша, қаржылық пирамидалардың құрбандары тек егде жастағы немесе қаржылық сауаты төмен адамдар ғана емес, соңғы жылдары алаяқтардың арбауына еңбекке қабілетті жастағы азаматтар да жиі түсуде.

СНХ: МИРАС МҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қаржылық пирамиданың құрбандары белгілі жаспен немесе топпен шектелмейді, бірақ та ең көп кездесетін жастары ол 25 пен 45 жас аралығы. Себебі осы жас аралығында адамдар өзінің үйге ипотекасын алғысы келеді, үй алғысы келеді немесе бір көлік алғысы келіп, өзінің ыыы қаржысын бір белгілі бір инвестицияларға құйғысы келіп, көбінесе қаржылық пирамиданың құрбандарына айналады. Қаржылық пирамиданы құрғаны және ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 210 жетінші бабымен көзделген жауапкершілік бар. Онда жаза түрі 12 жылға дейін бас бостандығынан шектелуі мүмкін, сонымен тағы айта кету керек, 2020 екінші жылдан бастап қаржылық пирамиданы жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көрсетілген, онда 4 жылға дейін бас бостандығынан шектеу көзделген.

КЕСТЕ МӘТІНІ:

Қаржылық пирамиданың негізгі белгілері; жоғары және кепілдендірілген табыс уәде ету. Егер сізге айына 20–30 процент немесе одан да жоғары, тәуекелсіз тұрақты пайда уәде етілсе бұл алғашқы дабыл. Табыс жаңа қатысушыларды тарту есебінен қалыптасады.

Компания нақты қалай табыс табатынын, активтердің қайда орналасқанын, қандай тауар немесе қызмет түрі кіріс әкелетінін түсінікті етіп жеткізе алмайды. Көбіне «инвестиция», «трейдинг», «цифрлық активтер» сияқты бұлдыр ұғымдарды қолданады.

Агрессивті жарнама мен қысым көрсету де бар. Ресми келісім-шарт жоқ немесе шарттары да түсініксіз болып келеді.

КЕСТЕ:

ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДАНЫҢ НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІ:

1. Жоғары әрі кепілдендірілген табысты уәде ету

2. Табыстың жаңа қатысушыларды тарту есебінен төленуі

3. Нақты қызметтің болмауы

4. «Инвестиция», «трейдинг», «цифрлық активтер» сияқты бұлдыр ұғымдарды қолдану

5. Агрессивті жарнама мен қысым көрсету

6. Ресми келісім-шарт жоқ немесе шарттары да түсініксіз

РКС: Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық пирамидалардың іс-әрекетін анықтауға және жолын кесуге екпін береді. Сонымен бірге қаржылық алаяқтықтан зардап шеккендердің санын төмендетуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды да жүргізеді.

СНХ: МАРАТ БЕКТҰРҒАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: В Қаржылық мониторинг жөніндегі агенттік пен аумақтық департамент профилактикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында тұрғындар арасында, мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында тұрақты түрде дәрістер өткізеді. Мейлінше көбірек тартуға тырысамыз. Сонымен қатар BAIQApiramida Telegram-бот бар. Ол жерде алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың жолдары үйретіледі.

РКС: Департамент қызметкерлері мұндай шаралар азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға және аймақтың экономикалық тұрақтылығын қолдауға бағытталып отырғанын айтады. Тұрғындарға инвестиция құяр кезде сақ болуға және қаржылық ұйымдардың заңдылығын тексеруді тағы да еске салады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ