ДИКТОР: Өмірде жүрегі жұмсақ, ал қызметте мінезі қайсар аруларымыз жетерлік. Сымбатты жандар бүгінде отбасының ұйытқысы ғана емес, ер азаматтарға тән жауапты әрі ауыр қызметтерді де абыроймен атқарып келеді. Осындай жауапты салада бар күш-жігерін салып, еңбек етіп жүрген жандардың бірі туралы - келесі сюжетте.

РКС: Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінде бүгінде 200-ге жуық нәзік жан қызмет етеді. Олар қауіпті әрі жауапты мамандықты таңдап, ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүр. Солардың бірі - Даяна Амантаева. Құтқару саласында қызмет етіп жүргеніне екі жыл. Осы уақыт ішінде ол талай сын сағаттардың куәсі болып, төтенше жағдай кезінде адамдарға көмек көрсетіп келеді. Өз кәсібін абыройлы да жауапты деп танитын ол, бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.

СНХ: ДАЯНА АМАНТАЕВА, ҚҰТҚАРУШЫ: Мен үшін таңдаған мамандығымның маңызы ерекше. Өмірімнің мәні десем де болады. Бала кезімнен форма киіп, адамдарға көмек көрсетуді армандайтынмын. Қоғамға пайдасын тигізетін, мағынасы терең іс болғанын қаладым. Қиын жағдайда қалған жандарға жәрдемдесіп, адам өмірін арашалау - мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.

РКС: Даяна әріптестерінің арасында да зор құрметке ие. Жаңа келген мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес. Әріптестері оны өз ісіне адал, жауапкершілігі мол маман ретінде таниды.

СНХ: АБЗАЛ ТЕМІРБАЕВ,ӘРІПТЕСІ: Қызметін атқару барысында өзін тек жақсы қырынан таныта білді. Жаңа келген мамандарға да өзінің білгенімен бөлісіп, үйретіп отырады. Сонымен қатар, тек қана осы жұмысты емес, спорт саласында да өзін дамытып жүрген қазақтың батыр қыздарының бірі. Еліміздің көк байрағын әлемдік додаларда паш етіп жүрген, осы саланың да абыройын арқалап жүрген мықты, батыр қыз.

РКС: Даяна спортты да жанына серік еткен. Бокспен және жекпе-жекпен 11 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінде ол республикалық және халықаралық жарыстарда облыстық департаменттің намысын қорғап жүр. Қазір сәуірдің 1-6-сы аралығында өтетін чемпионатқа дайындық үстінде. Даяна сынды осындай жауапкершілігі зор қызметтің жүгін арқалап жүрген нәзік жандар аз емес. Олар күн сайын көзге көрінбейтін ерлік жасап, ер азаматтармен қатар ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ