ДИКТОР: Өткен жылы облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізген тексеру барысында 195 миллиард теңгенің заңсыздығын анықтады. Ведомство 100-ге жуық тексеріс жүргізді. Бұл жұмыс бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсаудың жолын кесу және оны анықтау үшін өткізіліп отыр.
РКС: Анықталған заңсыздықтардың 97 проценті рәсімдік сипатта орын алған,-деп атап өттті облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы. Мердігерлерге атқарылмаған жұмыс көлеміне бюджет қаржысын негізсіз аударуға қатысты заңсыздықтар көп кездесетін көрінеді. Сондай-ақ негізсіз еңбекақы, іссапар шығындары, сыйақы мен әлеуметтік төлемдерді негізсіз өтеу фактілері анықталған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді рұқсатсыз субсидиялау деректері жеке атап өтілді.
СНХ: ШАРАП СӘДУАҚАСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында 179 миллион теңге көлеміндегі субсидияны негізсіз төлеу фактісі анықталды. Осыған орай құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Айыптау үкімі шығарылып, мемлекеттік субсидияны талан-таражға салған ауыл шаруашылығы тауарын өндірумен айналысқан серіктестіктің басшылары 6 жылға бас бостандығынан айырылды. «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамында 395 миллион 500 мың теңге көлеміндегі несиелік қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталды.
РКС: Бұдан бөлек, Көкшетау қаласы құрылыс бөлімінің, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жұмыстарында қаржылық заңсыздықтар анықталды. Процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберілді. Сондай-ақ тексеру кезінде аймақта мемлекеттік сатып алу саласында заңнамаларды өрескел бұзу деректері анықталды.
СНХ: ШАРАП СӘДУАҚАСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Өткен жылы жүргізілген аудиторлық шаралардың қорытындысы бойынша бұзушылықтарды жоюға 83 ұйғарым жіберілді. Соның 66-сы толық орындалды. 73 лауазымды тұлға заңсыздықтарға жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде 605 хаттама толтырылды.Соған сәйкес 55 миллион теңге айыппұл төлеу міндеттелді.
РКС: Аймақта бюджет қаржысын жұмсауға қатысты бақылау күшейген. Соңғы жылдары мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру деңгейін артты. Бұл ең алдымен қаржыны ашық игеруді, бәсекелес ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Қазір Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасын орындау аясында ішкі мемлекеттік аудит комитеті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын тексеріп жатыр.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ