ДИКТОР: «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының ұжымы алғашқылардың бірі болып Конституциялық реформаға қолдау білдірді. Олар стратегиялық құжаттың елдің дамуына басымдық беретін баптарына үңіліп, өзара талқылаудан өткізіп жатыр. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Көкшетаудағы филиалында өткен кездесуге келген «Аманат», «Республика» партиясының өңірдегі жетекшілері мен мәслихат өкілдері Ата Заңдағы артықшылықтарға тоқталды.
РКС: Референдумға байланысты «Ауыл», «Республика», «Ақжол», Қазақстанның халық партиялары және кәсіподақтардың қатысуымен жалпыұлттық коалиция құрылды. Бұл коалиция аймақтық штабтар арқылы конституциялық реформаның ерекшеліктерін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жөнінде кездесу барысында «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов атап өтті. Ол өз сөзінде Ата Заңда адамның жеке құқығы мен қорғалуына басымдық беріліп отырғанын айтты. Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов пен «Республика» партиясы өңірлік филиалының төрағасы Алмат Тұқмағанбетов те жаңа баптардың маңызына тоқталды.
СНХ БЕРГЕН БЕСПАЛИНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Кездесу барысында Құрылтайдың Парламенттен айырмашылығын айтып, азаматтардың жеке басы мен ол жайлы деректердің қорғалуына тоқталдық. Сонымен қатар табиғатты қорғауға басымдық берілгені назар аудартартын жәйт. Жаңа Конституцияда әр азамат қоршаған ортаны және табиғаттың байлығын көзінің қарашығындай сақтауы тиіс делінген. Өйткені біздің жер қойнауымыздағы қор – ұрпағымызға аманат болып қалады.
РКС: Азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне назар аудару – мемлекеттік саясаттың өзегі. Ата Заң жобасында адам құқықтары маңызды қағидаттар және нақты міндеттер ретінде қарастырылған. Еліміздің зиялы қауым өкілдері жаңадан әзірленіп жатқан Ата Заңды елдің өткені мен келешегін жалғайтын стратегиялық құжат деп бағалады.
СНХ: ӘМІРЕ ӘРІН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛАШ» ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ: Мынау Мәжілісті Құрылтай деп атауы ең алдымен біздің қазақтығымызды, кешегі ұлы түркілердің отанында отырғанымызды дәйектейді. Құрылтайдың өзі сол бүкіл елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік бағыттарына, тамырларына қан жүгіртіп, елді елдікке, еңбекке бастайтын үлкен ұйым болады деп есептеймін.
РКС: Реформа – елдің орнықты дамуы, демократиялық қағидаттарды нығайту және саяси жүйені жаңғырту жолындағы стратегиялық қадам. Кездесу соңында мекеме ұжымы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Ата Заңдағы реформаны қолдауға қатысты ұйымдастырған телекөпірге қатысты.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚОВ, «КӨКШЕ-АҚПАРАТ».