ДИКТОР: Мемлекет егер фермерлер отандық өндірушілерден пестицид сатып алған жағдайда оның құнының 60 пайызына дейін субсидиялауға әзір. Қазір еліміз бойынша үш кәсіпорын пестицид шығарады. Солардың бірі Степногорск қаласында орналасқан. Бұл зауыт негізінен гербицидтер өндірумен айналысады.

РКС: Өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіретін еліміздегі ең ірі зауытта 200-ден астам түрлі шикізат қосындысы қолданылады. Препараттар түрлі елдерден, соның ішінде Ресей мен Қытайдан сатып алынады. Пестицидтердің құрамына құрғақ және сұйық күйдегі белсенді заттар, сондай-ақ тазартылған су кіреді. Кәсіпорында өндірістік 13 желі жұмыс істейді. Әр желіде пестицидтің жекелеген түрлері өндіріледі.

СНХ: МАРИНА СИСЕНКО, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Мұнда «Смерч» атты жалғыз препаратты өндіруге арналған учаске орналасқан. Бұл жаппай әсер ететін гербицид түрі болғандықтан, арнайы бөлек шығарылған. Өндіріс бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – калий тұзы мен глифосатты дайындауға арналған реакторлар. Дәл осы реакторларда химиялық реакция жүреді. Зертхана калий тұзының дайын екенін растағаннан кейін, әрі қарай формуляциялық реакторларға жібереміз. Бұл жерде басқа да компоненттер қосылады. Мұндағы температура 50 градустан аспауы тиіс, себебі кейбір қоспаларды бұдан жоғары температурада қыздыруға болмайды. Барлық қоспа қосылғанда препараттың тиімділігі жоғары әрі сапалы болады.

РКС: Тұтас әсер ететін сұйық гербицидтер өсімдік жамылғысы мүлде қажет емес алқаптарды өңдеуге арналған. Шаруалар бұл препараттарды егістік алдындағы дайындық барысында және күзгі дала жұмыстарында кеңінен қолданады. Компанияның өңірлік өкілдіктері Қазақстанның барлық аймағында орналасқан. Жалпы деректер базасының арқасында олар жеткізілім келісім-шарттарын өндіріс басталғанға дейін жасайды. Себебі шаруалар егіс науқаны басталғанға дейін алқаптарды өңдеуге қажетті препараттарды толық алып үлгеруі тиіс. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, фермерлерге минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алу үшін мемлекеттік субсидия қарастырылған.

СНХ: АЗАМАТ ЕХСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Егістікті арамшөптерден, зиянкестер және аурулардан қорғау үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қажетті көлемде өсімдікті қорғау құралдарының сатып алуда. Аталғане көлемдерді субсидиялауға 20,6 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды сатып алу жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылы олардың қолдану көлемін арттыру жоспарлануда. Көрсеткішті 433,5 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бұл көлемдерді субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді.

РКС: Өңір диқаншылары көктемгі егіс науқанын мерзімінде әрі сапалы өткізуді көздеп отыр. Ол үшін пестицидтерді тиімді әрі қауіпсіз қолдану жолдарын жетік білетін агрономдармен бірлесе жұмыс істеуде. Өйткені, химиялық препараттардың өндірісі мен оны қолдану қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтауды талап етеді.

СНХ: НАТАЛЬЯ ХРАМОВА, ЗАУЫТТЫҢ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ: Зертхана өндірістің барлық кезеңін бақылайды. Компоненттер мен олардың мөлшері, технологиялық жұмыс тәртібі, араластыру мен температура қадағаланады. Тиеуден кейін сапа көрсеткіштеріне сәйкестігін тексеру үшін сынама алынады. Қажет болған жағдайда түзету енгізіледі. Барлық сапа көрсеткіш талаптарға сай болған жағдайда ғана препаратты жөнелтуге рұқсат беріледі. Біздің зертхана пестицидтердегі белсенді заттарды 99 аталым бойынша анықтау үшін аккредиттелген.

РКС: Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы химия өнеркәсібінің көлемі шамамен 10 процентке өскен. Отандық өндірушілер 1,5 триллион теңгенің синтетикалық затын өндірді. Өңдеу секторының құрылымындағы химия өнеркәсібінің үлесі 13 проценттен асты. Қазақстандық ірі кәсіпорындардың болжамы бойынша, биылғы жылдың қорытындысында да барлық негізгі өнім түрлері бойынша өсім болуы тиіс.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.