ДИКТОР: Қазір жасанды интеллект білім беру саласына үлкен өзгеріс әкеліп отыр. Осы орайда педагогтар оны белсенді түрде қолдануда. Жасанды интеллект арқылы түрлі платформалар мен сайттарды әзірлеуге болады. Осындай жобалардың бірін №20 мектеп-гимназиясы информатика пәнінің мұғалімі Минас Ерлан жүзеге асырды.

РКС: Минас Ерланұлы мұғалімдер отбасында туып өскен. Ата-анасының жолын қуып, 6 жыл бұрын Көкшетаудағы жоғары оқу орнын тәмамдап, мектепке информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Қазір жасанды интеллектті белсенді қолданып, оқушыларына оны тиімді әрі дұрыс пайдалану жолдарын үйретіп келеді. Желтоқсан айында ол ұлттық құндылыққа негізделген «Арқан тарту» сайтын әзірлеп, «Бір идея – бір жасанды интеллект» қалалық байқауында бірінші орынды иеленді.

СНХ: МИНАС ЕРЛАН, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Отандық бір өнім жасау ой келген болатын. Ұлттық құндылыққа негізделген «Арқан тарту» сайтын, ойыннын жасап шыққан болатынмын. Бұл сайт тегін. Интернетте басқа да педагогтар қауымы қолдануда. Жалпы мақсатымыз – ұлттық құндылықты, спортты оқушылардың жадына сіңіру. Бұл ойын түрлі функциялардан тұрады. Ең бірінші – ойын арқылы оқушылардың сабақты қайталау. Оқушылар тақтаға келіп, пәнді таңдайды. Бұл жерде барлық пәндер кіріктірілген. Үш деңгейден тұрады – жеңіл, орташа және қиын. Деңгейді таңдап болғаннан кейін топқа бөлінеді. Топ бойынша жарысып, сұрақтарға жауап береді.

РКС: Бүгінде сайтты күніне мыңнан астам адам қолданады. Платформа төрт тілде әзірленіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне таралған. Сонымен қатар, сайтта кері байланыс функциясы бар. Сабақ соңында оқушылардың материалды қаншалықты меңгергенін бағалауға мүмкіндік жасалған.

СНХ: АЙГҮЛ БЕЙСЕНОВА, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Минас Ерланұлы 5-10 сыныптарда сабақтарын береді информатикадан. Әрі үйірме жетекшісі. Жасанды интеллект құралдарын сабақтарда өте тиімді қолданым жатқан жас педагог. Мектепішілік, қалалық, облыстық семинарларда іс-тәжірибесін таратып жүрген педагогтардың бірі. «Арқан тарту» ұлттық құндылық негізінде білім ойынын құрастырып, қалалық жарыста жұмысымыз бас жүлдені жеңіп алды.

РКС: Минас Ерланұлы платформаны өз сабақтарында да пайдаланып жүр. Ол пәнді түсіндіруде де, оқушылардың білімін бағалауда да өте ыңғайлы құрал. Оқушылардың айтуынша, бұл платформаны сабақ барысында қолдану қызықты әрі тиімді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АРУЖАН ЖЕҢІСОВА, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Менің ойымша қазіргі таңда жасанды интеллекттің маңызы өте зор, керекті және қолайлы. Жасанды интеллекті біз жиі информатика сабағында қолданамыз және STEM сабағында. «Арқан тарту» ойын арқылы білігу, тануға болады және сұрақтарға жауап беріп біз информатика сабағын тереңірек қабылдай аламыз. Біздің Минас ағайымыз өте жақсы адам, бізге сабақты жетінші сыныптан бері береді. Біз оған үйреніп қалғанбыз және ол өте жақсы түсіндіреді.

РКС: Жасанды интеллект – бүгінгі білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осындай жаңашыл жобалар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де мүмкіндік береді. Ал жас педагогтердің ізденісі – сапалы білімнің кепілі.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ