ДИКТОР: Өңірде көктемгі су тасқыны қаупі әлі де сейілген жоқ. Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, Есіл, Селеті, Шағалалы, Қалқұтан және Жабай өзендерінде су деңгейінің көтерілуі ықтимал. Су тасқынының белсенді кезеңі наурыздың соңы мен сәуір айы бойы жалғасады. Синоптиктер топырақтың қату тереңдігін де анықтап, көктемге арналған ауа райы болжамын жариялады. Ауа райы қандай болмақ? Тілші материалында.
РКС: Биыл облыстың басым бөлігінде өткен жылға қарағанда қар көп мөлшерде түскен. Синоптиктер аймақтарды су басу қаупін 3 деңгейге бөлді.
СНХ: БАҚЫТ МАҚАЖАНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жоғары қауіп аймағына Астрахан, Бұланды, Аршалы, Целиноград, Атбасар, Ерейментау аудандары және Қосшы қаласы жатады. Ал Зеренді, Бурабай, Есіл, Сандықтау, Шортанды, Ақкөл, Жарқайың, Жақсы, Біржан сал аудандары мен Степногорск қаласы орта қауіп аймағында. Су басу қаупі төмен аймақтарға Қорғалжын, Егіндікөл аудандары және Көкшетау қаласы кірді.
РКС:Топырақтың қату тереңдігі 50-ден 155 сантиметрге дейін жетеді. Облыстың көп бөлігінде бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда жоғары.
СНХ: БАҚЫТ МАҚАЖАНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Ең жоғары көрсеткіш облыстың орталық, батыс және оңтүстік бөліктерінде тіркелді. Орта есеппен алғанда топырақтың қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда 33 сантиметрге артық. Астрахан, Зеренді, Сандықтау және Ерейментау ауданының кейбір аумақтарында бұл айырмашылық 73-тен 91-ге дейін жеткен. Ал Бурабай және Біржан сал аудандарында, керісінше, былтырғыға қарағанда 17–46 сантиметрге төмен.
РКС: Синоптиктер осы айдың соңында ауа температурасы біршама жылынып, жауын-шашын болуы мүмкін деп отыр. Ол қардың еруін жылдамдатады. Наурыздың 6-нан бастап әр апта сайын гидрологиялық болжамдар жарияланады. Жағдай күрт өзгерсе, ақпарат әр 3 күн сайын жаңартылып отырады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ