ДИКТОР: Көкшетауда «Бурабай Інжу маржаны» атты республикалық турнир өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 500-ден астам балғын спортшы жиналды. Қатысушылардың басым бөлігі 2015 жылы туған және одан кіші жастағы ұл-қыздар. Бұл жарыс осымен 13-ші рет ұйымдастырылып отыр.

РКС: Жарысқа 45 команда қатысты. Олардың ішінде 200-ден астам қыз бен 300-ден артық ұл бар. Суда жүзушілер асқан ептілікпен қимылдады, әртүрлі әдістер мен техниканы пайдалана отырып, өз шеберліктерін паш етті. Бірі бірнеше жыл бойы жаттықса, енді бірі алғаш рет қатысып, бастапқы тәжірибесін жинады. Әр баланың жүзу барысында көрсеткен табандылығы мен сындарлылығы көрермендерді тәнті етті.

СНХ: АЙЗЕРЕ ҚУАНДЫҚОВА, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ): Мен Қарауылкелді ауданынан келіп отырмын. Мен осы Республикаға «Байған» жүзу командасымен келдім. Мен осы жүзумен 5 жасымнан бастап қатысып келемін. Қатысып келгеніме үш жыл болды. Біз жүзуде төрт түрлі әдіс бар, олар баттерфлай, брасс, кроль, на спине, маған олардан баттерфлай мен кроль ұнайды. Және де мен ол баттерфлай мен крольдан көп дистанцияларға шығамын.

РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир аймақтағы спортты дамытумен қатар, өңірлер арасындағы өзара байланысты нығайтады, жаттықтырушылар қауымының тәжірибе алмасуына және дарынды балаларды іріктеуге жол ашады. Жүзу спорты жылдан жылға қарқын алып келеді. Қатысушылар саны артып, жарыстардың деңгейі жоғарылап, халықаралық байланыстар кеңейіп жатыр.

СНХ: ҚУАНЫШ ҚАРАУЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ең бірінші мақсат ол қалалық спортты дамыту. Енді, 2015-тен төмен жастағы балалар ғой, сондықтан бұл ең бірінші бізде бала тәжірибе алып, келесі жарысқа тәжірибе алу керек. Бізде болып жатыр іріктеу жарыстар, келесі кезеңге балалар Қазақстан біріншілігіне қатысады Ақмола облысының әр өңірінен өз облысының намысын қорғайды.

СНХ: ВАЛЕРИЙ КРУТОВ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ: Биыл турнир алғаш рет Халықаралық мәртебе алды деп айтуға болады. Ресейдің Омбы қаласынан команда келіп қатысып жатыр. Оларды осы жарыстың алғашқы қарлығаштары десек те болады. Жеті адам келген. Бастамалары көңіл қуантады. Бұл турнир Қазақстан бойынша ең көп қатысушы жинайтын ауқымды жарыстың бірі.

РКС: Бұл турнир кәсіби спортқа деген қызығушылықтың артқанын және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жасалған нақты қадамның айқын көрінісі екенін дәлелдеуде. Аталған сайыс аптаның соңына дейін жалғасады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ