ДИКТОР: Аймақта ауқымды және стратегиялық маңызы бар инвестициялық жоба іске қосылады. Аршалы ауданында деректерді өңдеу орталығы мен жасыл энерегия станциялары бой көтереді. Инвестиция көлемі - 1,5 миллиард АҚШ доллары. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Жоба Аршалы ауданындағы индустриялық аймақта кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Көпсатылы кампус өңірдің цифрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарымен де қамтамасыз етпек. Нәтижесінде шамамен 150 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, индустриялық аймақ пен Бабатай станциясының маңында күн электр станциялары орнатылады. Бұл нысандар кампусты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл жоба ірі технологиялық бастамаларды жүзеге асыратын стратегиялық алаң болмақ. Ал өз кезегінде инвесторлар аймақты цифрлық инфрақұрылымды дамытуға әлеуеті зор өңір ретінде бағалап отыр.
СНХ: КАРАМАНЛИ ТАЙЛА, «VTK GLOBAL INVESTMENTS AND TRADING» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазақстан мен үшін бөтен ел емес. Мен бұл елдің экономикалық әлеуетін, өңірлік ерекшеліктерін және инвестициялық мүмкіндіктерін жақсы білемін. Осыған дейін мұнда бірқатар ірі жобаларды сәтті жүзеге асырдық. Соның бірі – Целиноград ауданы аумағында қуаттылығы 100 мегаватт болатын күн электр станциясының құрылысы. Бүгінде жасыл энергетикаға негізделген дата-орталықтар –-тек технологиялық жоба емес, стратегиялық маңызы бар бағыт. Мұндай кешендер жоғары технологиялы инфрақұрылымды дамытып, өңірдің цифрлық әлеуетін күшейтеді.
РКС: Айта кетейік, жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық тартымды бірқатар басым бағыттарды айқындап берді. Олардың қатарында агроөнеркәсіптік кешенді терең өңдеу және жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобалары бар. Осы ретте аймақ басшысы Марат Ахметжанов өңірде бұл бағыттар бойынша нақты жобалар қолға алынып, инвесторлармен тиімді әріптестік орнату жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ