ДИКТОР: Әлеуметтік кәсіпкерлер өз ісін дамыту үшін 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант ала алады. Себебі олар пайда табуды емес, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешіп, осал топ санатына жататын тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға атсалысады.
РКС: Оксана Шилова балалардың сөйлеу қабілетін дамыту саласында 20 жылдық тәжірибесі бар маман. Оның сабағында балалар сөздерді дұрыс айту мен қабылдауды, сондай-ақ грамматикалық ережелерді меңгеруді үйренеді. Мұндай жаттығуларға балалар үш жасынан бастап қатыса алады. Білікті маман ерте басталған тіл дамыту сабақтары баланың сөйлеу қабілетін уақытылы қалыптастыруға мүмкіндік береді,-дейді.
СНХ: ОКСАНА ШИЛОВА, БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЛОГОПЕД-ДЕФЕКТОЛОГЫ: Сабақта біз интерактивті тақталарды қолданамыз. Балалар мұндай заманауи құралдарға ерекше қызығушылық танытады. Барлық материал бір жерде жинақталғандықтан, фонематикалық есту, грамматика және буын құрылымдарын дамыту өте қолайлы. Мұндай әдіс-тәсілдер балалардың қозғалыс үйлестіруі мен логикалық ойлау қабілеттерін дамытады.
РКС: Орталыққа айына 80-ге жуық бала келеді. Мұнда ерекше білімді қажет ететін балалардың дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне барлық жағдай жасалған. Ал кәсіпкер Жұлдыз Тілеуова өз жобасын жүзеге асыру үшін бастапқыда шағын кабинетті жалға алған. Кейін бар ынта-жігерінің арқасында жеке-дара ғимарат, мемлекеттің қаржылай қолдауына заманауи жабдықтар сатып алып, кәсібін кеңейтеді. Бүгінде өз ісін табысты дөңгелетіп отыр.
СНХ: ЖҰЛДЫЗ ТІЛЕУОВА, БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Әлеуметтік кәсіпкерлікпен біз былтыр айналыса бастадық. Күн сайын біздің орталыққа ерекше көмекті қажет ететін балалар келеді, сондықтан басты мақсатымыз – пайда табу емес, балалар мен олардың ата-аналарына сапалы қызмет көрсету. Қазір интерактивті технологиялар қарқынды дамып келеді, ал балалар оларға тез бейімделеді. Интерактивті панельдер мамандар мен балалардан жақсы кері байланыс алуға мүмкіндік беріп, сабақ тиімділігін арттырады.
РКС: Жалпы аймақта әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлер аз емес. Олар әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтып, өздері өндіретін тауар мен қызметтерді ұсынады. Жалпы өңірде азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мен өз ісін бастауға барлық жағдай жасалған. Ол үшін жеңілдетілген несие, салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік гранттар қарастырылған. Қысқасы, істеймін деген жанға мүмкіндік көп.
СНХ: ДАНА ЖҰМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қазір әлеуметтік кәсіпкерлік жоғары қарқынмен дамып келе жатқан сала. Бүгінде республикалық әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестрінде аймақ бойынша 35 кәсіпкер тіркелген. Жыл сайын наурыздың 1-15 аралығында басқарма әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін реестрге енгізу үшін құжаттар қабылдайды. Бұл тізімге ену үшін кәсіпкерлер өз таңдаған категориясына сәйкес толық құжат пакетін ұсынуы керек.
РКС: Былтыр әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға бизнес-идеяларын жүзеге асыруға 9 мыңнан астам грант берілген. Қайтарымсыз негізде берілген қаражатты кәсіпкер жабдық, керек заттарды алуға немесе ғимарат жалдау үшін жарата алады. Сондай-ақ биыл елімізде жаңа «ІскерАймақ» бірыңғай қолдау бағдарламасы іске қосылды. Бұл дегеніміз енді кәсіпкерлер қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдауға сенім арта алатынын білдіреді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АППАРАТ