ДИКТОР: Көкшетауда облыстық мәслихаттың кезектен тыс 26-шы сессиясы өтті. Күн тәртібіне халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер шығарылды. Депутаттар әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, жер қатынастары және бюджет саясатына қатысты бірқатар өзекті ұсынысты талқылады.
РКС: Сессия барысында алдағы үш жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Түзетулер «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының өтініші негізінде мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару рәсімдерін жүргізу үшін қажет. Бұл тетік арқылы тартылатын қаражат әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамтуға бағытталмақ.
СНХ: АЛМАГҮЛ ШҰҒЫРМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарудан түсетін қаражат Көкшетау қаласындағы әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін 381 тұрғын үй сатып алуға бағытталады. Атап айтқанда: көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, табысы төмен отбасыларға және апатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтарға. Осы жолды қолдану кезекте тұрған азаматтарға үй беруді тездетеді, мемлекет өз міндетін орындайды және биылғы және келесі жылы бюджетке түсетін салмақты азайтады.
РКС: Әсіресе, аймақта ауыр дертке шалдыққан науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Бүгінде бірқатар сырқат түрі арнайы тізімге енгізілмегендіктен, тұрғындар қажетті препараттарды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында депутаттар жекелеген санаттағы азаматтарды дәрілік заттармен тегін қамтуға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізуді ұсынды.
СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазір облыс бойынша өте сирек кездесетін «Синдром Леннокса-Гасто» талма түрімен ауыратын бір ересек пациент бар. Оған «Клобазам» препараты қажет. Қажет сома 77 мың 800 тенге. Қысқа ішек синдромы дертіне шалдыққан балалардың қоректік элементтерін тұрақты түрде алуы үшін де қаржы қажет. Есептей келгенде бір жылға 15 миллион теңгедей шығады. Ауыр дертке шалдыққан баласы бар ата-ана үшін бұл соманы табу өте қиын. Бурабай ауданында қазір 2015 жылы туған осындай науқас бала бар.
РКС: Сессияда жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерді пайдаланудың жалдамалы құнына қатысты мөлшерлемені бекіту туралы ұсыныс айтылды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ