ДИКТОР: Грек-рим күресі Жақсы ауданы жастарының арасында кеңінен танымал спорттың түрі. Осы өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде олимпиадалық спорттың осы түрін 30-ға жуық спортшы таңдаған. Балғын күресшілер республикалық және халықаралық додаларда топ жарып жүрген Ислам Гасымовты үлгі тұтады.
РКС: Ислам Гасымов - болашағынан зор үміт күттіретін Қазақстан спортшыларының бірі. Кішкентайынан грек-рим күресін таңдап, жаттығуға ауылдан аудан орталығына сабылатын. Жасөспірім қазірдің өзінде түрлі турнирдің бірнеше дүркін чемпионы.
СНХ: ИСЛАМ ГАСЫМОВ, СПОРТШЫ: Күреспен айналысқаныма 7 жылдан асты. Спортқа ағамның ізімен келдім. Уәлиев атындағы спорт мектебінде жаттығамын. Қазақстанның чемпионы болғаным ерекше есімде жатталып қалды.Жаттықтырушыларым мен отбасымның қолдауы зор. Оларға алғысым шексіз.
РКС: Ислам Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Жақсылық Үшкемпіров атындағы турнирдің жеңімпазы және «U17» Азия чемпионатының жүлдегері. Сондай-ақ ол ауыл спортшылары мен жасөспірімдері арасындағы ұлттық біріншіліктің де үздігі. Қазақстан құрамасының сапында халықаралық деңгейде «Сила традиций» турнирінің қола жүлдесін еншілеген. Спортшының алға қойған мақсаты мен асқақ арманы бар.
СНХ: ИСЛАМ ГАСЫМОВ, СПОРТШЫ: Күрес залы қажетті жабдықпен толық жасақталған. Оның бәрі біздің алға қойған мақсатымызды орындауға зор ықпал ететіні сөзсіз. Олимпиада ойындарының чемпионы болып, елімді, спорт мектебімді және өз тегімді күллі әлемге паш етсем деген асқақ арманым бар.
РКС: Атлеттің қалыптасуына спорт мектебінің үлесі де зор. Спортшының жаттықтырушылары оның еңбекқорлығы мен мақсаткерлігі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашқанын айтады.
СНХ: ДАМИР ЗАРЛЫХАНОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Ислам кішкентайынан спортқа жақын, 7 жасынан бастап күреспен айналысып келеді. Талабы мен еңбегінің арқасында өткен жылы 10–17 жас аралығында Қазақстан чемпионы атанды. Сондай-ақ Азия біріншілігіне қатысып, ел намысын қорғады. Алдағы мақсатымыз — халықаралық турнирлерге қатысып, тәжірибе жинау. Келесі жылы Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмыз.
РКС: Ислам Гасымов оқуы мен спорттық мансабын қатар алып жүр. Қазір тынбай жаттығу үстінде. Өйткені ол алдағы Қазақстан чемпионатына қатыспақшы.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ