ДИКТОР: Ақмола облысының денсаулық сақтау саласында 200-ге жуық дәрігер жетіспейді. Әсіресе, аудандық ауруханаларда акушер-гинеколог, кардиолог, офтальмолог мамандарға сұраныс жоғары. Былтырдан бастап аймақта ақ халаттыларға төленетін көтерме ақы көлемі екі есе ұлғайды. Мәселен, ауылдық жерлерге баратын жас мамандарға 8,5 миллион теңге төленсе, қаладағы ауруханаға орналасқандар 5 млн теңгеден алады. Қолдау шаралары артқанымен кадр тұрақтамайды. Бұған не себеп? Тілші айтсын.

РКС: Бұландылық акушер Ольга Букарь осыдан 13 жыл бұрын зейнетке шыққан. Орнына жас маман болмаған соң, жасы 70-тен асқан білікті дәрігер әлі де қызметін жалғастырып жүр.

СНХ: ОЛЬГА БУКАРЬ, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ: Жастар келгісі келмейді. Олар жалақысы көп жекеменшік аураханаларды жұмыс істегенді құп көреді. Біз кез-келген уақытта жас мамандарды қабылдауға дайынбыз. Бас кезінде тәлімгерлік жасап, бағыт-бағдар да берер едік.

РКС: Қазір аймақта 100-ден астам акушер жұмыс істейді. Сұранысты толық қамтамасыз ету үшін әлі 18 дәрігер керек. Жас мамандардың келгісі жоқ. Сол себепті аудандық ауруханада әлі күнге зейнет жасындағы дәрігерлер еңбек етіп жүр.

СНХ: ТОРҒАЙ СӘДУАҚАСОВА БҰЛАНДЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Иә, қазір біздегі 3 акушердің екеуі емханада қабылдау жүргізеді. Ал, бір маман аурухана да қызмет көрсетеді. Олардың қатарында зейнет жасындағы дәрігер де бар. Қазір біз жас акушерлерді жұмысқа тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, оқу орындарымен байланыс орнаттық.

РКС: 70 мыңға жуық тұрғыны бар Бурабай ауданында да дәл осындай жағдай қалыптасқан. Аудандық емдеу мекемесінде қазір 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Әлі 17 маманның орны бос тұр. Дәрігер тапшылығын ең алдымен басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті халық қатты сезінеді. Бірақ, тұрғындар камераның алдында мәселені ашып айтқысы келмейді. Ал, бұл іске жауаптылар маман тартуға барынша күш салып жатырмыз деп отыр.

СНХ: ЕВГЕНИЙ БЕКАЕВ, БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ ЕМХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Былтыр аудан орталығында тұрғын үй салынып, 30 пәтер дәрігерлерге қарастырылды. Сондықтан қазір бізге келген жас мамандарды біз баспанамен қамтуға толық мүмкіндігіміз бар. Одан бөлек, көтермеақы да төленеді.

РКС: Білікті кадрлардың тұрақтамауына бірнеше себеп бар. Бірінші кезекте жалақы мен жақсы жағдай болса, кейінгісі елорданың жақын орналасуы. Яғни, тәжірибе жинап алған дәрігер, айлық табысы жоғары Астанада жұмыс істегісі келеді. Сондықтан, оларды ұстап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз- дейді, жауаптылар.

СНХ: ДИНАРА БАЙМАҒАМБЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Былтыр өңірге келген 4 дәрігерге 8,5 млн.теңге көлемінде көтерме ақы төленді. Бұл мамандар облыс орталығына шалғай орналасқан Қорғалжын және Жарқайың аудандарына жіберілді. Биыл да жас мамандарды қолдауға облыстық қазынадан 722 млн.теңге қарастырылып отыр.

РКС: Мемлекеттік қолдаудың арқасында былтыр өңірге 100-ге жуық медицина қызметкері келген. Осылайша, саладағы кардр тапшылығы шамамен 20 пайыз қысқарды. Жергілікті билік өкілдері қолдау шаралары жалғасса, алдағы 1-2 жылда дәрігер тапшылығын толық шешеміз деп отыр.

ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ