ДИКТОР: Жасөспірімдер арасында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық сот отырысы өтті. «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында облыстық прокуратура Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 100-ге жуық студентін қатыстырды. Тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.

РКС: Оқиға желісін қысқаша баяндасақ. Екі азамат есірткі қылмысына қатысты сот алдында жауап беруде. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша айып тағылып отыр. Айыпталушылар өткен жылдың жазында есірткі заттарын «жасырын орындарға қалдыру», яғни жасыру тәсілі арқылы таратпақ болған кезде ұсталған. Қазір іс сотта қаралып жатыр. Мұндай қылмыс жасағаны үшін мүлкi тәркiленiп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыпталушылар есірткінің заңсыз айналымын «кураторлар» арқылы жүзеге асырып, қылмыстық әрекетке барған.

СНХ: АҚТОЛҚЫН ТЕМІРҚҰЛОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: Бұл іс-шараның басты мақсаты жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмыстардың алдын алу. Көбінесе қылмыстың жетегінде кететіндер жасөспірімдер, яғни 15 жастан бастап, 18 жас аралығындағы студенттер, жұмыс жасамайтындар, оқымайтындар.

РКС: Облыс соттарында былтыр заңсыз есірткі айналымына қатысты 70-ке жуық қылмыстық іс қаралды. Соның бесеуі кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен болған. Олардың бәрі 16 мен 17-дегі жасөспірімдер.

СНХ: ЛИЗА ЕСЕНБОЛ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ҚҰҚЫҚТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бүгінгі сот процесінің ашық өтуі қоғам үшін, әсіресе жастар үшін өте маңызды. Себебі мұндай істердің қалай қаралатынын көруң яғни заңның баршаға ортақ екені және де әрбір әрекет үшін жауапкершілік бар екенін нақты көрсетеді. Мұндай шаралардың болуы қылмыстардың алдын алуға және адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыруға оң ықпал етеді.

РКС: Мұндай ашық сот отырыстары жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Студенттер нақты сот процесін көріп, заң бұзудың салдары мен жауапкершілік құнының қаншалықты ауыр да салмақты екенін түсінеді. Осындай профилактикалық сипаттағы сот отырыстары жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға оң ықпал етері сөзсіз.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ