ДИКТОР: Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді. Сапар барысында ол бірқатар кәсіпорындарды аралап, өңірдегі энергетика, агроинновация және индустриялық әлеуетті дамыту бағыттарымен танысты. Сондай-ақ, көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері бойынша республикалық штабтың отырысы өтті.

РКС: Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар қаласындағы энергетикалық жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруды жүктеген еді. Осы ретте сапар аясында Премьер-министр шаһардағы маңызды стратегиялық жобалардың бірі-жылу-электр орталығының құрылысына арналған аумақты аралап, Президент белгіленген тапсырманың орындалу барысын тексерді. Бүгінде Көкшетау қаласы қарқынды дамып келеді. Жыл сайын 240 мың шаршы метрге дейін тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мамандар 2035 жылға қарай қалада жылуға деген сұраныс 840 гигакалориядан асады деген болжам жасайды. Осы ретте жаңа жылу электр орталығының құрылысы жылу тапшылығын шешіп, жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етпек.

СНХ: ҚАЙРАТ МАҚСҰТОВ, «САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: Жоба аясында электр қуаты 240 мегаватт, жылу қуаты 520 гигакалория болатын жылу электр орталығын салу жоспарланған. Сонымен қатар қаладағы жылу жүктемесінің өсуіне байланысты жылу қуатын кеңейту мүмкіндігі де қарастырылған. Құрылыс кезеңінде шамамен 2500 адам жұмысқа тартылады. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс 227 гектар аумақта жүргізіледі, оның ішінде күл қоймасы 130 гектар жерді алады. Жобаны 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта алғашқы дайындық жұмыстары аяқталды, ал негізгі құрылыс жұмыстары жазда басталады. Барлық қажетті жабдықтарды жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалған.

РКС: Жоба экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ. Себебі жаңа станцияда «таза көмір» технологиясы енгізіліп, атмосфераға шығатын түтін арнайы жүйелер арқылы толық тазартылып шығарылады. Осылайша, отын да үнемделіп, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтардың мөлшері айтарлықтай азаяды деген болжам бар. Өз кезегінде Үкімет басшысы жауапты министрлік пен жергілікті билікке барлық жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды. Бұдан соң Үкімет басшысы «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» серіктестігіне барды. Бүгінде бұл кәсіпорын өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін жетекші өндіріс орындарының бірі. Былтыр кәсіпорын 65 млрд теңгеге 4 мыңнан астам техника өндіріп шығарған. Өндіріс заманауи, автоматтандырылған жабдықтармен қамтамасыз етілген.

СНХ:ОЛЕГ БАЛЫБИН, «ҚАЗАҚСТАН АГРОИННОВАЦИЯЛЫҚ КОРПОРАЦИЯСЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінде төртінші өндірістік блок іске қосылды, өндіріс алаңы 6 мың шаршы метрге кеңейтілді. Қазір 400 адам жұмыс істейді, жаңа блок іске қосылғаннан кейін қосымша жұмыс орындары ашылады. Жалпы өндірісті одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.

РКС: Сондай-ақ Премьер-министр «Kokshe Industry» индустриялық аймағында орналасқан бірқатар өндірістік жобаны аралап көрді. Бүгінде индустриялық аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы жобалар іске асырылып жатыр. Келер жылдары 22,7 миллиард теңгеге жаңа жобалар жүзеге асырылып, 700-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Ал 2030 жылға дейін тағы 40 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Премьер-министр инвесторларға қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымды уақтылы жүргізуді тапсырды. Жұмыс сапары аясында республикалық штаб отырысы өтті. Онда еліміздегі қазіргі гидрологиялық жағдай, дайындық деңгейі және елді мекендерді су басу қаупінен қорғау шаралары талқыланды. Қазір аймақта көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстар қызу. Бөгеттер нығайтылып, өзен-көлдер тереңдетіліп жатыр. Техникалардың дайындығы да жіті бақылауда.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өңірде соңғы жылдары су тасқынының салдарын емес, себептерін жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда 163 елді мекен және 32 жол учаскесінде су тасқынына қарсы іс-шаралар қабылданды. Қалқұтан, Нұра, Есіл, Шағалалы және Жабай өзендерінің арналары жалпы ұзындығы 56 шақырым көлемінде тазартылып, тереңдетілді. Сонымен қатар 17 гидротехникалық құрылыстар қалпына келтіріліп, нығайтылды. Бұл шаралар 100 млн текше метрден астам еріген суды қауіпсіз реттейді. Нәтижесінде 64 мыңға жуық адам тұратын 70 елді мекенге су басу қаупі жойылды деп айтуға болады. Ал қалған елді мекендерде су тасқынының қаупі барынша төмендетілді.

РКС: Сондай-ақ былтырдан бастап аймақта «Біртұтас дрон» жобасы жүзеге асырылған. Яғни, дрондардың көмегімен енді су тасқыны жағдайын жіті қадағалауға болады. Дрондар мәліметтерді жедел басқару орталығына нақты уақыт режимінде жіберіп, қауіпті жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

СНХ: МАҒЖАН ЕРЖАН, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 19 дрон 11 ауданның 19 нүктесіне қойылды. Жыл сайын қауіпті аймақ деп танылатын аймақтарға қойылды. 24/7 біздің осы орталықтан операторлар арқылы бірге-қарым-қатынас жасайтын мекемелермен бірге жұмыс жасалады. Дрон екі түрлі нұсқада қолданылады. Су тасқынын алдын ала, адам көзі жетпейтін, адам бара қоймайтын жерден 24/7 бақылауға алуға болады. Бұл жоба 2025 жылдан бері.

РКС: Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен, Премьер-министр су басу қаупі әлі де бар екенін ескертіп, кез-келген жағдайға дайын болу керектігін айтты.

СНХ: ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Сондықтан кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе елді мекендердің маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты. Сол себепті бір апта ішінде әкімдіктер тәуекел деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажетті шараларды қабылдауы керек

РКС: Жиын соңында Премьер-министр жауапты мекемелерге су деңгейін тұрақты бақылауда ұстап, тасқынның алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.

 ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ