ДИКТОР: Бүгінде нәзік жандылар сан-саланы игерген хас шеберлер. Арулар ауыр жұмысты қиынсынбай техникалық мамандықтарды меңгеріп, стереотиптерді түбегейлі өзгертуде. Сондай-ақ, арулар ер азаматтармен иық тіресе күрделі әрі жауапты жұмысты тең атқара алатынын дәлелдеп те келеді. Бүгін біз қалалық коммуналдық қызметте еңбек ететін Әсемгүл Әкімова жайлы сыр шертеміз.

РКС: Әсемгүл Әкімованың жұмыс күні таңмен таласа басталады. Оған әрдайым ең жауапты учаскелер сеніп тапсырылады. Ол қыста күрек пен темір мұз ойғышты ұршықша үйіреді. Жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерді қар мен мұздан тазартады. Жазда қала аумағын абаттандыруға үлес қосады. Толассыз жаңбыр да, аптап ыстық та еш кедергі емес.

СНХ: ӘСЕМГҮЛ ӘКІМОВА, «КӨКШЕ ТАЗАЛЫҚ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ АБАТТТАНДЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ШЕБЕРІ: Жұмысым өзіме ұнайды. Күрек ұстағаннан ұялған емеспін. Қазір абаттандыру бойынша шебер болсам да, өз бригадам мен әріптестерімді қолдауға қашан да дайынмын. Қыста біз көшелерді қар және қоқыстан тазалаймыз, ал жаз айларында бояу мен ағарту жұмыстарымен айналысамыз. Осылайша, қаламыздың көркіне еңбек сіңіріп келеміз.

РКС: Әсемгүл Әкімова абаттандыру жөніндегі шебер ретінде тұтас бригаданың жұмысын үйлестірумен айналысады. Оның басшылығымен жұмысшылар қаланың басты көшелерін қардан тазартады. Әріптестерінің арасында сыйлы. Оның жауапкершілігі мен тиянақтылығының арқасында кез келген тапсырма уақытылы орындалып отырады.

СНХ: МАРАТ ЕРЖАНОВ, ӘРІПТЕСІ: Әсемгүлмен мен жұмыс істеймін год. Коллектив жақсы, барымыз дружно жұмыс істейміз, дружно кетеміз, дружно обед істейміз. Әсемгүл өзімізді бар бірімізді сыйлайды.

РКС: Әсемгүл Әкімовадан өзге қаланың коммуналдық қызметінде ондаған нәзік жанды еңбек етеді. Олардың әрқайсысы күн сайын шаһарды таза әрі жайлы етуге зор үлес қосып жүр.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ