ДИКТОР: Соңғы жылдары ішкі істер органдарында нәзік жандыларды жиі кездестіруге болады. Погондағы әйелдер жауапкершілікпен қызмет атқарып, маңызды шешімдер қабылдап, күн сайын заң мен тәртіпті қадағалап отырған абзал жандар. Олардың көпшілігі үшін бұл мамандық кездейсоқ таңдау емес, көп жылдан бері армандаған мақсатына жеткен.
РКС: Валерия Мәмбеталиева бала күннен-ақ полиция формасына ғашық болып, өмірін осы қызметпен байланыстыруды шешкен. 2013 жылы Валерия қалалық полиция басқармасына инспектор-психолог қызметіне жұмысқа орналасты. Бұл жұмыс тек кәсіби білімді ғана емес, қызметкерлерге қолдау көрсете білуді, қызметтік жағдайларда болатын түрлі тығырықтан шығуға көмектесуді талап етті. Қажырлы еңбектің арқасында бүгінде ол жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшенің аға инспекторы.
СНХ: ВАЛЕРИЯ МӘМБЕТАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЖЕКЕ ҚҰРАММЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМШЕСІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Біздің бөлімшеге шен алу, марапаттау, қандай да бір тәртіптік жаза, қызмет бойынша ауыстыру, қызметкерлерді басқа орынға көшіру, жұмысқа кандидаттарды қабылдау мәселелері бойынша жүгінеді. Бұрын мен форма кию тек әдемі болып көріну деп ойлайтынмын. Қазір ойым өзгерді, форма кию тек сұлулық емес, ол үлкен жауапкершілік. Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Жыл өткен сайын таңдауым дұрыс болғанын түсінемін. Себебі, жұмыс барысы маған үлкен қуаныш сыйлайды.
РКС: Жадыра Ерубаева полиция қызметкерінің отбасында дүниеге келді. Әкесі полиция қызметкері болып еңбек еткен. Әкесі қызының мамандық таңдауына үлкен әсер етті. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол бала кезінен-ақ погонның не екенін, қатаң тәртіп пен адамдар алдындағы жоғары жауапкершілікті жақсы білетін. Сондықтан, оны мамандық таңдауға қатысты сұрақ еш мазалаған емес. Жастайынан арманы айқын болған ару қызмет жолына келген беттен-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеумен айналыса бастады.
СНХ: ЖАДЫРА ЕРУБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Жұмысым өзіме ұнайды. Негізгі қызметім қылмысты ашу және тергеу амалдарын жүргізу. Себебі, мен қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша жұмыс істеймін. Көпшілік бұл жұмысты нәзік жандарға тән емес дейді. Бірақ мен олай деп есептемеймін. Әріптестерім маған сыйластықпен қарап, қамқорлық танытады. Мен өзімді тура бір ханшайымдай сезінемін.
СНХ: НҰРЛЫЖАН АҚТАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Олар белгілі бір уақыттан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде өздерін сауатты, білікті қызметкерлер ретінде көрсетті. Өздерінің қызметтік міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
РКС: Бүгінде полиция қызметіндегі әйелдер қауымы, құқықтық тәртіп жүйесінің маңызды бөлігі. Олар заң мен халыққа қызмет етуге әзір. Кез келген адам бұл жауапкершілікті көтере алатынын дәлелдеп келеді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ