ДИКТОР: Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында нәзік жандылардың орны бөлек. Бүгінде азаматшалар отбасының ұйытқысы ғана емес, ел тыныштығын күзеткен жауапты қызметтердің бел ортасында жүрген жандар. Соның айқын дәлелі, Көкшетау теміржол станциясында қызмет атқаратын желілік полиция бөлімінің арулары. Олар ер азаматтармен иық тіресе қызмет атқарып, қоғамдық тәртіптің сақталуына, жолаушылардың қауіпсіздігіне өз үлестерін қосып келеді.

РКС: Ел үшін қызмет ету Тұрсын Байзақованың бала күнгі асқақ арманы. Алайда өмір жолы кейде күтпеген сынақтар бар. Ол өзінің сүйген ісін емес, педагогика саласын меңгеруге бет бұрады. Бірақ ішкі жан дүниесі, жүрек қалауы ешуақытта арманынан үміт үздірген жоқ. Осылайша ол жоғары оқу орнын тәмамдап, 2000 жылы Тұрсын Байзақова Көкшетау станциясындағы сол кездегі Ішкі істер желілік бөлімінің қатарына қабылданды. Алғашқы еңбек жолын хатшы-машинист лауазымынан бастады. Өзінің қайсарлығы мен жауапкершілігінің және өз ісіне деген шексіз адалдығымен көзге түскен ару бүгінде Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің штаб бастығы.

СНХ:ТҰРСЫН БАЙЗАҚОВА, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ШТАБ БАСТЫҒЫ: Желілік полиция бөлімінде 91 қызметкер бар. Оның 5-і ару қыздар. Біздің ең басты мақсатымыз құқық бұзушылықтың алдын-алу. Вокзалдар мен әуежайлардың аумағында тәртіп пен звңды сақтау. Барлық аруларға зор денсаулық, ашық аспан тілеймін, еліміз тыныш болсын.

РКС: Құқық қорғау саласында алдыңғы шепте жүрген қызметкерлер көпшіліктің көзіне жиі түседі. Алайда бөлімнің тұрақты әрі үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды сала бар. Ол – тыл қызметі. Сырт көзге аса байқала бермегенімен, құжаттардың жүйелі жүргізілуі, материалдық қамтамасыз ету, есептілік пен ішкі тәртіптің сақталуы дәл осы салаға тікелей байланысты. Осындай жауапты жұмыстың бел ортасында жүргендердің бірі полиция старшинасы Гүлмира Жұмажанова. 15 жылдан артық еңбек етіп келеді.

СНХ: ГҮЛМИРА ЖҰМАЖАНОВА, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ТЫЛ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Менің лауазымдық міндетіме бөлімшені қызметтік көлікпен, жанар-жағармай материалдарымен және қызметтік киім-кешекпен қамтамасыз ету. Жеке құрамның қызметін толық әрі сапалы атқаруы үшін қажетті жағдайдың жасалуына жауап беремін. Бүгінде ұлым да менің жолымды жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта ол Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясында 2 курс курсанты. Отбасымызбен еліміздің патриотымыз. Елдің дамуы мен өркендеуі үшін еңбек ету біз үшін үлкен мақтаныш. Қазақстан гүлденіп, болашағы жарқын болсын деген игі тілегіміз бар.

РКС: Қызметтің қиындығына қарамастан, нәзік жандылар өз істеріне адалдық танытып, кәсіби біліктіліктерін дәлелдеп жүр. Олар теміржол нысандарында қауіпсіздік пен тәртіптің сақталуына зор үлес қосып, құқық қорғау саласында әйелдердің де маңызды рөл атқара алатынын көрсетіп келеді.

СНХ: АНУАР ЗЕЙНИЕВ, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: 8-ші наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әйелдер қауымына, аналарға, әпке-қарындастарға және әріптестеріме құт-береке, бақыт тілеймін. Және әрқашан гүлдей құлпырып жанымызда жүре берсін.

РКС: Сабыр мен батылдықты, мейірім мен қатаң тәртіпті қатар талап ететін ерекше еңбек жолында адал қызмет атқарып отырған арулардың жұмысы құрметке лайық. Осындай қос міндетті абыроймен арқалап жүрген арулар өздерінің кәсібилігімен ғана емес, табандылығы мен жауапкершілігі арқылы да көпке үлгі.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ