ДИКТОР: Өңірде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасуда. Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттары төтенше жағдай кезінде апатты-құтқару жұмыстарын пысықтады. Арнайы-тактикалық оқу-жаттығу жиынына Қызыл жарты ай ұйымының волонтерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты.

РКС: Оқу-жаттығу барысында қатысушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарынның көмегімен жергілікті аймаққа барлау жұмыстарын жүргізу, зардап шеккендерді қауіпсіз аймаққа жеткізу және жылыту пунктерінде алғашқы медециналық көмек көрсету дағдыларын жетілдірді. Сондай-ақ, арнайы техника арқылы су сору жұмыстарын жүргізу және су өткізбейтін бөгеттерді құру жұмыстары іске асырылды. Қатысушылар мұндай қорғаныс бөгеттерін құру ең күрделі тапсырмалардың бірі екенін атап өтті.

СНХ: ОЛЖАС МЕРҒАЗЕЗ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Біздің басты мақсатымыз төтенше жағдай кезінде құтқару жұмыстарын іс жүзінде пысықтау. Практика негізінде ең қиын аспектің бірі, түн уақытында инертті материалдар толы қаптарды тасу деп есептеймін. Бірақ бұған қарамастан академияның жеке құрамы мен техникасы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толықтай дайын.

РКС: Курсанттар алға қойған тапсырмаларды сәтті орындап, жоғары дайындық деңгейі мен үйлесімді әрекетті көрсетті. Академияның оқытушылық құрамы оларға осындай баға берді.

СНХ: КЕНЕСАРЫ ҚАЙЫРБЕКОВ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КАФЕДРА БАСТЫҒЫ: Оқу-жаттығудың мақсаты толық орындалды деп есептеймін. Академияның жеке құрамы Төтенше жағдайлар министрлігінің резерві саналады. Сондықтан біз кез келген уақытта және Қазақстанның кез келген өңірінде алдымызға қойылған міндетті орындауға дайынбыз.

РКС: Шара соңында ұйымдастырушылар су тасқынына дайындық мәселесіне жауапкершілікпен қараған қатысушыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ, мұндай жаттығулардың маңыздылығын да ерекше атап өтті. Өйткені, төтенше жағдай кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін де дәл осы - құтқарушылар.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ