ДИКТОР: Наурыздың 7-сі футбол жанкүйерлері үшін маңызды күн. Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымы басталды. Көкшетаулық «Оқжетпес» ұжымы маусымды өз алаңында Семей қаласының «Елімай» командасына қарсы алғашқы ойынмен ашты. Ойын барысы қалай өтті және жанкүйерлерге қандай әсер қалдырды? Тілші баяндасын.

РКС: Ойын барысында жанкүйерлер мен ұйымдастырушылар жаңа Конституция жобасын және 15 наурызда өтетін референдумды қолдайтындарын білдірді. Алаңда тулар желбіреп, баннерлер ілінді. Бұл көрініс ойынға қосымша күш пен шабыт берді, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлап, рухын асқақтатты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Екі команда ойынның алғашқы минуттарынан-ақ жақсы ойын өрнегін көрсетіп, қауіпті мүмкіндіктерді пайдалану үшін белсенді әрекет етті. Қорғаныс шебі мен қақпашылар есептің өзгеруіне жол бермеуге тырысты. Матч тартысты әрі қызу өтіп, жанкүйерлер әр шабуылды ерекше тебіреніcпен бақылап отырды. Ойынды тамашалауға жиналған жұрттың қарасы қалың, олардың арасында жерлестерін қолдау үшін Семейден келгендерді де, «Оқжетпеске» үміт артқан көкшетаулықтарды да көруге болады.

ИНТЕРШУМ: /жанкүйерлердің қолдауы/

СНХ: МАРУФЖАН УСМАН, «ОҚЖЕТПЕС» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ЖАНКҮЙЕРІ: Барлық көкшетаулықтарды жаңа маусымның басталуымен құттықтаймын! Бүгін бірінші ойын өтіп жатыр, керемет атмосфера қалыптасқан, жанкүйерлер бәрі құттықтауға келген. Облыс әкімінің қойған талабы – команданы бірінші бестікке шығару, біз осы мақсатқа жетеміз деп сенемін. Сүйікті командамызды әрдайым қолдаймыз. Сонымен қатар, бүгінгі матч кезінде Конституцияны қолдау және референдумға арналған акция да өтіп жатыр. «Оқжетпес» – жаңа құрам, жаңа клуб, алдағы жеңістерді күтеміз және топты қолдауды жалғастырамыз.

СНХ: ЕРАСЫЛ ҚЫДЫР, «ОҚЖЕТПЕС» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ЖАНКҮЙЕРІ: «Оқжетпес» командасының матчтарына жиі келемін, олардың ойындарын көрген маған өте ұнайды. Бүгін «Оқжетпес» «Елімай» командасын жеңеді деп сенемін. Өйткені біздің команда талай рет камбэк жасап, жеңіске жеткен.

РКС: Кездесудің 16-минутында қонақтар есеп ашты. «Оқжетпес» қорғанысындағы қателікті тиімді пайдаланған семейлік команда алға шықты. Алайда көкшетаулық футболшылар ойынның екінші бөлігінде қарқынын күшейтіп, шабуылды жиілете түсті. Нәтижесінде матчтың 74-минутында «Оқжетпес» есепті теңестірді. Шабуыл кезінде «Елімай» қақпашысы допты өз қақпасына бағыттап алып, автогол тіркелді. Матчтың соңғы минуттарында «Оқжетпес» жеңісті жұлып алуға тырысып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен есеп өзгерген жоқ, кездесу 1:1 нәтижесімен аяқталды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: РИНАТ АЛЮЕТОВ, «ОҚЖЕТПЕС» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Біз ойынды маусымның ашылуымен жоспарлағандай бастадық. Матчтың басында аздап толқу болды, себебі біздің команда құрамы 99 процент жаңарған. Жаңа құрамды бір жарым ай бойы жасақтадық, ойыншылар соңғы 15 күнде ғана бір-біріне үйренісіп, дайындалды. Ойынның ырғағы мен қарқындығына байланысты «Елімай» командасына алғыс айтқым келеді. Екі тарап та қызықты, динамикалы және көрерменге әсерлі ойын көрсетті. Мұндай мәртебелі топтармен ойнау әрдайым қуанышты, ал олардан ұпай ұтып алу – ерекше қанағаттандырады.

РКС: Биыл «Оқжетпес» клубының құрамы жаңарып, жаңа бапкер тағайындалды. Ал «Елімай» командасы бұл маусымда чемпиондыққа таласуды мақсат етіп отыр.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ