ДИКТОР: Көкшетауда қосымша білім берудің «Оkushy» цифрлық платформасы сәтті жүзеге асып, қолданысқа енген 4 айдың ішінде 10 мың доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартып үлгерді. Маркетплейст Орталық Азия бойынша үздік деп танылған 15 стартап жобалардың қатарына енді. Шаһардағы «Digital Aqmola» орталығындағы цифрлық жаңғырту бағытындағы өзге де жобалар туралы Бибінұр Әмірханқызының бейнематериалы.
РКС: Стартап жобаның техникалық қолдаушысы Ділназ Бораншеваның айтуынша, «Оkushy» платформасы жасанды интеллектпен жарақталған. Бұл өз кезегінде қосымша білім беру орталықтарына келушілерді есепке алып, сараптама жүргізу және бағдарламаларды басқару жүйесін ұсынады. Яғни, қосымша Excel кестеде есеп жүргізудің қажеті жоқ-,дейді.
СНХ: ДІЛНАЗ БОРАНШЕВА, «OKUSHY» ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚОЛДАУШЫСЫ: Платформаға енгізілген жасанды интеллект ата-ананың да таңдауын жеңілдетеді. Қазірдің өзінде маркетплейсті 9 мың қолданушы пайдаланады. 650 ата-ана тапсырыс қалдырып, 300-ге жуық хабарландыру жарияланды. Біз алдағы уақытта платформаның ауқымын облыс және республика көлемінде кеңейтіп, кейін ТМД нарығына шығуды жоспарлап отырмыз.
РКС: Бүгінде «Оkushy» платформасына Өзбекстанның қызығушылығы зор. Тіпті, 10 мың доллар көлемінде инвестиция бөлді. Ал, көкшетаулық ата-аналар болса, маркетплейстің пайда болғанына дән риза. Себебі, Көкшетаудың өзінде түрлі бағыттағы үйірмелер мен спорттық секцияларды ұсынатын 150-ге жуық орталық жұмыс істейді. Ал, платформа тиімді орталықты анықтап, оның мекен-жайын, үйірменің бағасын тіпті жас ерекшелігі бойынша тез сүзгіден өткізіп, таңдау жасауды жеңілдетіп берген.
СНХ: АЙДАНА НҰРТАЕВА, АТА-АНА: Оқушы платформасы туралы жақында білдім. Бұл платформаның ата-аналарға тиімді, қолайлы мүмкіндіктері өте көп екен. Оның ішінен мекен-жайыңызға жақын орналасқан үйірмелерді анықтауға болады және балаңыздың бейіміне қарай үйірмелерді таңдауға мүмкіндіктер бар екен.
ЕСТ ШУМ:
РКС: Бұл «Ai-Komek» байланыс орталығы. Дәл осы жерге тұрғындардың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығынан бастап медицина мен қауіпсіздікке, көлік пен ауыл шаруашылығына, тіпті экономикаға қатысты сұрақтары мен өтініш-арыздары келіп түседі. Яғни, бұған дейінгі әр саладағы шашыраңқы деректер енді бір цифрлық жүйеде өңделеді.
СНХ: МАДИНА ШУМАҚБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Осы платформа жедел шешім қабылдауға және өңірдің дамуын болжауға мүмкіндік береді. Тек 2025 жылдың өзінде байланыс орталығына тұрғындардан 40 мыңнан астам өтініш түсті.
СТЕНД-АП: БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ: «Digital Aqmola» орталығы - өңірдің бірыңғай IТ архитектурасын қалыптастырды. Яғни, «Дрондар инфрақұрылымы», «Деректер көлі» және «Ai-Komek» платформалары - нақты уақыт режимінде бақылап, деректерді талдауға мүмкіндік беріп отыр. Оған қоса орталықтағы инновациялық технологиялар паркі IТ кадрларды дайындауға үлес қосып, 160-тан аса азаматты оқытты. Бір жылда 60 стартап жоба дайындалды. Оның үшеуі биыл бета тесттен өтіп, нарыққа шықпақ.
БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ