ДИКТОР: Жуырда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында аңшылар мен балықшылар арасында профилактикалық акция ұйымдастырылды. Басты назарда балық аулау мен аңшылық заңдылығын, табиғатты қорғау заңнамасын сақтау және браконьерліктің алдын алу мәселелері.

РКС: Прокуратура өкілдері былтыр аңшылық және балық аулау ережелерін бұзған 400 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 8,5 миллион теңгеге айыппұл салынған. Табиғатты қорғау саласы бойынша 13 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде аңшылық қағидаларын бұзуға қатысты мыңнан астам, балық аулау қағидаларын орындамағандарға қатысты 390 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.

СНХ: МҰХАММЕДСАДЫҚ АБЛАЗИМОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫ: Облыстық прокуратура азаматтарды заңнама талаптарын қатаң сақтауға және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға шақырады. Биыл аңшылық және балық аулау қағидаларын бұзу фактілері тіркелген жоқ. Уәкілетті органдармен бірлесіп аңшылық алқаптарында және су айдындарында табиғатты қорғау және экологиялық заңнама талаптарын сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аталған акция Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Орман алқаптары, ұлттық парктер және су айдындары толық қамтылады.

РКС: Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша қалалар мен елді мекендер аумағындағы абаттандыру қағидаларын елемегендерге қатысты 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің мәліметінше, былтыр күзгі кезеңде Бурабай, Шортанды және Қорғалжын аудандарының су айдындарында 3 балықшы қаза тапты.

СНХ: АСЛАН НҰРҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Оқиғалардың негізгі себептері қауіпсіздік ережелерін сақтамау, жұқа мұзға шығу, ішімдік ішу және құтқару кеудешелерін қолданбау. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлерімен, сондай-ақ волонтерлермен бірлесіп рейдтік профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатыр. Көлік құралдарының мұз үстіне шығу фактілері, сондай-ақ су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы анықталуда. Күзгі және қысқы кезеңде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша шамамен бір миллион теңгеге 103 әкімшілік хаттама толтырылды.

РКС: Былтыр табиғатты қорғау заңнамасы саласында 17 қылмыс тіркелді. Оның ішінде орман ұрлығы бойынша 3, балық ресурстарын заңсыз өндіруге қатысты 4, заңсыз аңшылыққа байланысты 9 және заңсыз ағаш кесудің бір фактісі орын алды. Браконьерлер 11 елік, 2 бұлан, 1 қабан, 1 аққу және 23 жабайы қазды заңсыз атып алған. Жануарлар дүниесіне келтірілген жалпы залал 15 миллион теңгеден асады, оның 11 миллион теңгеден астамы мемлекет есебіне өтелді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ