ДИКТОР: Көкшетауда «Жұлдыздарға апарар жол» атты мерекелік кеш өтті. Шара «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Үш онжылдықта талай дарынды өнерпазды тәрбиелеп шығарған шығармашылық ұжым бұл кеште өз жетістіктерін көрерменге ұсынды. Концерт барысында қазіргі тәрбиеленушілер мен студия түлектері көрерменнің көзайымына айналды.

РКС: «Жұлдыздар» вокалдық тобы 1995 жылы облыстық балалар шығармашылық үйінің жанынан құрылған. Алғашқы құрам Көкшетаудағы №6 мектептің он оқушы қызынан жасақталды. Уақыт өте келе «Жұлдыздар» кәсіби шығармашылық жолдан өтіп, талай талантты өнерпазды тәрбиелеп шығарды. Жетекшісі Әридаш Хамзинаның жоғары кәсібилігі, нәзік талғамы мен шығармашыл балалардың мүмкіндігін дәл тани білуінің арқасында ансамбль жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ұжымның көпжылдық еңбегі еленіп, 2013 жылы Мәдениет министрлігінің шешімімен «Үлгілі вокалдық студия» мәртебесі берілді.

СНХ: ӘРИДАШ ХАМЗИНА, «ЖҰЛДЫЗДАР» ҮЛГІЛІ ВОКАЛДЫҚ СТУДИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 30 жыл ішінде студия гүлденіп, дамып, талай талантты шәкірт тәрбиеледі. Олар бүгінде ел ішінде де, шетелде де өнерімен танылып жүр. Мысалы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, оперлік әнші – Салтанат Ахметова. Продюсер, композитор, әнші және сахна актёрі – Талғат Кенжеболатов. Джаз әншілері Альфия Черникова Алматыда, Татьяна Александрова Мәскеуде өнер көрсетуде. Мен өмірімде «Жұлдыздар» сияқты жарқын жұлдызшалардың барына ризамын. Ұрпақтар сабақтастығымен үйлесіп келе жатқан ұжым деп айтар едім.

РКС: Бүгінде студияда 84 оқушы вокал өнерін меңгеруде. Шығармашылық кеште үйірме қатысушылары дует, трио, квартет және ансамбль болып сахнаға шығып, өз өнерлерін паш етті. Эстрада, халық әндері, классика, мюзикл сияқты түрлі бағыттағы әндер шырқалды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Мерекелік кешке түлектер де келіп, өздерінің ақжарма тілектерін білдірді. Солардың бірі – Мерейлім Ғайсина. Мектеп кезінен өнер мен білімді қатар алып жүрген ол қазір қоғамдық денсаулық сақтау саласында біліктілігін арттыруда. «Өз өмір жолымда ән өнерін мәңгілік серік етемін» дейді,- шәкірт.

СНХ: МЕРЕЙЛІМ ҒАЙСИНА, «ЖҰЛДЫЗДАР» ҮЛГІЛІ ВОКАЛДЫҚ СТУДИЯСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ: Негізі осы 11-10 жылдай вокалға қатысуым кезінде, бүкіл осы жолда біздің ұстаздарымыз, Әридаш Жарасбаевна, біз өзіміз жұмсағырақ айтамыз, Сабыр аға дейміз, немесе дядя Сабыр деп, солармен көптеген жақсы іс-шаралар өткіздік, қатыстық. Басқа да қалаларға, басқа да елдерге де барып келгенбіз. Мысалы, өзімнің тәжірибемнен айтатын болсам, Мәскеу қаласына барып келгем. Керемет іс-шара өткізіліп жатыр. Бүгін мен қаншама жыл өтсе де, келіп тұрғаныма өте қуаныштымын. Жаңа әртістерді көріп, болашақтағы үлкен-үлкен әртістер болатынына сенімдімін.

РКС: Залда ине шаншар орын болмады. Көрермендердің басым бөлігі ата-әжелер. Немерелерінің өнерін тамашалау үшін ауылдан әдейілеп келгендер де бар.

СНХ: БОТАКӨЗ МЕЙРАМОВА, АТА-АНА: Бірлестік ауылынан келіп тұрмыз, Зеренді ауданынан. Осы руководительға, Әридаш Жарасбаевнаға көптен көп рахмет. Көп-көп балалардың нәтижелерін міне көріп жатырмын. Керемет жұмыс жасап жатыр екен. Сол енді біздің немереміз де ойлаймын, алды ашық болады. Сол болашағы бар деп ойлаймын.

СНХ: СЕРІК МЕЙРАМОВ, АТА-АНА: Немерем Әлібек Мансұр көптеген жүлделі орындарға ие болып жүр. Шетелдерге де барып келіп жатыр. Гран-прилер алып жатыр балам. Вокал студиясының 30 жылдық мерейтойы бүгін. Жұмыстары қызу, қайнап жатқаны көрініп тұр.

РКС: Шығармашылық ортаның 30 жылдық өмір жолы – тек уақыттың еншісі ғана емес, әр қадамы өнерге толы ұлы сапар.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫПРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ