ДИКТОР: Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған азаматтардың үлесі әлі де жоғары. Қазір облыс халқының 13 проценттен астамы, яғни 101 мыңнан аса тұрғын медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл өзекті мәселе қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде кеңінен талқыланды. Жиында сондай-ақ алдағы Наурыз мейрамын мерекелеуге дайындық барысы да сөз болды. Кеңесте көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдер туралы әріптесім Сәния Есмісейітова баяндайды.

РКС: Биыл Көкшетауда Наурыз мейрамы жаңа форматта 10 күн бойы «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында атап өтіледі. Ұлттық мерекенің әр күні мазмұнды іс-шаралармен ерекшеленбек. 15 наурыз - Қайырымдылық күні. Бұл күні қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. 16 наурыз - Шаңырақ күні. Отбасылық құндылықтар дәріптеліп, көпшілікке «Наурыз бата» беріледі. 17 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. «Наурыз аруы – 2026» байқауы мен ұлттық тағамдар фестивалі өтеді. 18 наурыз - Ұлттық киім күні. Мемлекеттік қызметшілер мен қала тұрғындарына заманауи үлгідегі ұлттық киім кию ұсынылады. 20 наурыз - Ұлттық спорт күні. 22 наурыз - Жыл басы. «Сәлем, Наурыз!» атты басты мерекелік шара өтіп, этноауылдар тігілсе, 23 наурыз - Тазару күні. «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы экологиялық акциямен Наурыз мерекесі қорытындыланады.

СНХ: КҮНІМ ОРАЗБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Наурыз мейрамын екі негізгі локацияда атап өту ұсынылады. Олар - Абылай хан алаңы мен жаңа жағалау аумағы. Негізгі мерекелік шара Абылай хан алаңында өтеді. Бұл жерде 1000 ер адамның қатысуымен «Қара жорға» атты ауқымды жоба ұйымдастырылып, жеке іс-шара ретінде өткізу жоспарлануда. Жобаның ауқымы оны Қазақстан рекордтар кітабына ұсынуға мүмкіндік береді. Көрермендерді тарту мақсатында Гиннесстің жеті дүркін рекордшысы Сергей Цырульников шақырылды. Ол «Қара жорға» биі басталар алдында 30 минуттық «Экстрим» күштік шоуын көрсетіп, биге де қатысады. Абылай хан алаңындағы шаралардан жаңа жағалауда орнатылған LED-экран арқылы тікелей көрсетілім болады.

РКС: Сондай-ақ 22 наурыз күні өтетін мерекелік кештің арнайы қонағы - «Үркер» тобы болмақ. Ұйымдастырушылар мерекеге келетін барша тұрғындарды ұлттық нақыштағы бас киім киіп келуге шақырады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ең төменгі қамту көрсеткіші Қосшы қаласында тіркелген. Ал Көкшетау қаласында медициналық сақтандыруы жоқ азаматтар саны 29 мыңнан асады. Аталған тізімде облыстың ірі кәсіпорындары мен білім беру ұйымдары да бар. Мәселен, «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнында, сондай-ақ жергілікті жоғары оқу орындарында ондаған қызметкердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесі жоқ екені анықталды.

СНХ: ӘЛИЯ ЖҮСІПОВА, МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Сақтандырылған азаматтардың санының азаюы негізінен D және E санаттарына байланысты. Облыста оған жататын 34 401 адам бар. D санаты ол кризистік жағдайдағы азаматтар. Оған 25 063 адам жатса, E категориясы яғни төтенше жағдайдағы азаматтарға 9 338 адам жзатады. Қабылданған заңға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жергілікті бюджет есебінен республика бойынша қосымша шамамен 1 миллион адамды қамтуды жоспарлап отыр. Бұл негізінен кризистік және төтенше жағдайдағы азаматтар. «Сақтандыру» ақпараттық жүйесінде жергілікті бюджет есебінен белгілі категория азаматтар үшін жарналарды төлеу механизмін іске асыруға қажетті негізгі жетілдірулер аяқталды. D және E санаттарындағы азаматтарға «сақтандырылған» мәртебесі беріліп, өңірлер бойынша медициналық көмек алушылардың реестрлері жасалды, жауапты қызметкерлерге жүйеге кіру құқығы берілді.

РКС: Мәртебенің болмауына көбіне төлемдердің дұрыс жүргізілмеуі себеп. Әсіресе ұзақ мерзімді демалыс пен еңбекке жарамсыздық кезеңдерінде қателіктер жиі кездеседі. Мысалы, қызметкер екі айға өз есебінен демалыс алса, бұл уақытта жарнаны дербес төлеуші ретінде өзі төлеуі қажет. Әйтпесе, 12 айлық үздіксіз төлем талабы бұзылып, «сақтандырылмаған» мәртебесі беріледі. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет өз есебінен төлейді. Әр тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесін Egov порталы, Qoldau 24/7 қосымшасы немесе @SaqtandyruBot арқылы тексере алады.

СӘНИЯ ЕСМІСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ