ДИКТОР: Көкшетау қалалық тілдерді оқыту орталығында қазақ және ағылшын тілдерін меңгеру курстарын аяқтағандарға сертификат табысталды. Биыл аталған курстарды 347 қала тұрғыны сәтті аяқтады. Салтанатты шараға тілшіміз Евгений Варанкин барып қайтты.
РКС: Орталық 13 жыл бойы ағылшын және қазақ тілдерін оқытумен айналысады. Биыл курстарға 300-ден астам адам қатысқан. Соның ішінде 81 тыңдаушы ағылшын тілі курсын аяқтады. Оған қаладағы түрлі департаменттер мен басқармалардың қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдері қатысты. Сонымен қатар үш жылдық оқу кезеңінде белсенділік танытып, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан бірқатар тыңдаушы қала әкімінің атынан алғыс хатпен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ГҮЛДАНА ЕСМУРЗИНА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Орталығымыздың жоспары бойынша 2026 оқу жылына 1100 тыңдаушы тіркеліп отыр. Оның 342-сі қашықтықтан оқытылады. Әдістемелік қолдау көрсете отырып, өз базаларында оқытамыз. Қалған тыңдаушыларымыз жоғарғы, базалық және қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді меңгереді. Сонымен қатар ағылшын тілі курстары да толды. Жыл сайын оқыту кестелерін мекемелермен келісе отырып, ол кісілердің қызметкерлерінің жұмыс уақытына ыңғайлы уақытын таңдаймыз. Негізі бір аптада екі сабақ өтеді 1,5 сағаттан.
РКС: Орталық оқыту процесімен қатар тіл саясатын насихаттауға бағытталған іс-шараларды, атаулы даталар мен мемлекеттік мерекелерге арналған үлкен іс-шараларды да өткізіп отырады. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірушілер саны жылдан жылға өсіп келеді. Былтыр курсты аяқтағандар саны 320 болса, биыл 350-ге жетіп тұр. Келесі жылы тіл меңгеруді ниет білдірушілер саны 400-ге жетеді деген болжам бар.
СНХ: ДИЕРА ДОСМЕТОВА, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Қазақ тілін жақсы меңгеру үшін маған Көкшетау қаласы тілдерді оқыту орталығы зор мүмкіндік берді. Қазақ тілін білу әрбіріміздің парызы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі. Бізге қиын болмады. Әртүрлі тапсырмалар арқылы. Көмегі жақсы болды. Мүмкіндік болса ағылшын тілін де үйренуге мүмкіндік жаратып берсе, әрине үйренемін.
СНХ: ТӨЛЕГЕН БУЛКИН, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Тілдерді оқыту орталығына алғысымды білдіремін. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті. Бұл үлкен жетістіктерге апарады. Жолымыз ашылады, қазақ тілін білсек. Өйткені қазақ тілі шынымен де өте көркем, байлығы мол тілдердің бірі. Оны меңгерудің өзі оңайлыққа соқпайды. Бұл біздің ата-бабаларымыздың тілі. Оқыту барысында әлбетте қиыншылдық болды. Сол қиыншылдықтарды жеңіп, қазақ тілінің әріптерін айтуда қиын болды. Дегенмен тілді үйрендік.
РКС: Оқыту жоғары, базалық және қарапайым деңгейде жүргізіледі. Курс басталмас бұрын тыңдаушылар іріктеуден өтіп, олардың деңгейі анықталады. Тыңдаушылардың басым бөлігі жоғары деңгейлік курстан өтеді,- дейді орталық басшысы. Алғашқы 7 жылда курс тыңдаушылары арасында өзге этнос өкілдерінің саны басым болатын. Бүгінде олардың саны 50 пайыздан артық.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ