ДИКТОР: Құтқарушы - үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр да абыройлы міндет. Олар күн-түн демей әрдайым сапта. Бұл мамандық иелері атақ пен даңқ іздемейді. Бар болғаны күнделікті міндетін абыроймен атқарып, адам өмірін сақтап қалуға ұмтылады. Өз ісіне адал, кәсібіне жан-тәнімен берілген жандардың бірі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы - Александр Тузик. Қызметін басты парызы деп санайтын кейіпкеріміз туралы келесі сюжетте.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Қиындықпен бетпе-бет келетін құтқарушылардың әр таңы дәл осылай басталады. Таңсәріден бөлімге келген мамандар кезекшілікті қабылдап, ең алдымен техника мен өрт сөндіру жабдықтарын мұқият тексереді. Құрал-сайманның сақадай сай болуы - басты талап. Себебі бұл сала салғырттықты кешірмейді. Бұдан кейін сапқа тұрып, күнделікті міндеттер нақтыланады, оқу-жаттығулар мен нормативтер пысықталады. Александр Тузик бұл салада 2019 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өз кәсібін абыройлы да жауапты деп танитын ол, бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.

СНХ:АЛЕКСАНДР ТУЗИК, №2 ҚАЛАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫ: Дабыл соғылған сәттен бастап әркім өз міндетін біледі. Қандай өрт екеніне қарамаймыз, бастысы - оны дер кезінде сөндіру. Жұмысым өзіме ұнайды. Егер бұл салаға бір келсең, кету оңай емес. Көп жағдайда қызметкерлердің шамамен 90 пайызы осы жерден зейнетке шығады. Біз де қарапайым адамбыз, өз міндетімізді мемлекет пен халық үшін атқарып жүрміз. Сондықтан өзімді батыр деп санамаймын.

РКС: Қызметтен тыс уақытта Александр - шығармашылыққа жақын жан. Гитара мен ән - оның жанына серік. Әріптестерінің арасында да зор құрметке ие.

СНХ: АБЗАЛ ШАЙЖАНОВ, ӘРІПТЕСІ: Александр-өте қарапайым әрі жақсы адам. Осы жылдар ішінде өзін жауапкершілігі мол қызметкер ретінде таныта білді. Берілген тапсырмаларды уақытында әрі бұлжытпай орындайды. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары кезінде әрдайым бастамашылдық танытады.

РКС: Осындай жауапкершілігі зор қызметтің жүгін арқалаған құтқарушылар - күн сайын көзге көрінбейтін ерлік жасап жүрген нағыз еңбек адамдары. Бүгінде Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінде 2 мыңға жуық құтқарушы қызмет етеді. Батылдық пен жауапкершілікті серік еткен мұндай жандардың қоғамдағы орны қашан да биік.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ