ДИКТОР: «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Көкшетау қалалық көлік прокуратурасының органдары көліктегі полициямен бірлесіп, еліміздің барлық өңірін қамтыған республикалық кең ауқымды құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

РКС: Теміржол вокзалы, автовокзалдар мен әуежай – қоғамдық орын. Мұнда ішімдік ішуге тыйым салынған. Мұндай әрекеттер әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін ерекше назар аударылып отыр. Жүйелі профилактикалық жұмыстардың арқасында мұндай қылмыстар азаюда, дегенмен бұл мәселе әлі де өзектілігін сақтап отыр. Сондай-ақ суық қаруға да тыйым салынған. Десе де былтыр 200-ден астам жағдай тіркелген.

СНХ: ҚУАНЫШ ЖҰМАБЕКОВ, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТ ИНСПЕКТОРЫ: Адамдарға көлікте жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қандай салдары болатынын түсіндіріп жатырмыз. Мысалы, былтыр жыл басынан көлікте суық қаруды заңсыз сақтау, тасымалдау және алып жүруге қатысты 213 жағдай тіркелді. Мұндай әрекеттерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

РКС: Көкшетау темір жолы арқылы тәулігіне 12 жолаушы және 2 электр пойызы қатынайды. Күн сайын темір жол қызметін мыңнан аса жолаушы пайдаланады. Сондықтан бұл аумақта белгіленбеген жерлерден темір жолды кесіп өту секілді құқық бұзушылықтар жиі тіркеледі. Ал жолаушылар пойызының бағытынан ауытқуы мүмкін емес. Сол себепті кез келген бейқамдық ауыр салдарға әкелуі мүмкін,-дейді тәртіп сақшылары.

СНХ: НҰРБЕК ОРАҚОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: Азаматтардың темір жолдың белгіленбеген жолынан өту фактілері әлі де тіркеліп отыр, бұл олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Былтыр Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 559-бабының 5-тармағы бойынша 46 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталса, жыл басынан бері мұндай құқық бұзушылықтар саны 3 мыңнан асты. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

РКС: Тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру мақсатында негізгі құқықтық нормалар қысқа әрі қолжетімді форматта ақпараттық парақшаларда ұсынылып, олар жолаушылар пойыздарының вагондарында және теміржол вокзалдарында таратылуда. Жүргізіліп жатқан жұмыстар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК