ДИКТОР: Енді діни сұрақтарға жауап алу бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұрғындарға діни мәселелер бойынша тегін 1511 қысқа нөмірін іске қосты. Бұдан былай кез келген азамат 1511 нөміріне қоңырау шалып, өзіне қажетті діни мәліметті тікелей білікті мамандардан ала алады. Орталықта дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді.
РКС: Діни ақпарат орталығының call-center қызметіне тәулігіне орта есеппен 30-ға жуық қоңырау түседі. Бұдан бөлек, азаматтар WhatsApp мессенджері арқылы да өздерін толғандырған сұрақтарын жолдауда. Статистикалық талдау көрсеткендей, өтініш білдірушілердің басым бөлігі құлшылыққа, оразаға, намазға байланысты арнайы оқылатын дұғаларға, сондай-ақ салт дәстүр мен діни түсіндірмелерге қызығушылық танытып отыр.
СНХ: ҰЛАН ШӘРІПОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАҚИЯ ҚАЖЫ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: Қазір білікті, білімді 7 қызметкер бекітілді. 24/7 хабарласса кез-келген діни сауалдарға жауап ала алады. Бұл бас мүфтидің бастамасы үйде ауырып отырған адамдар бар, баламен отырған ана бар шыға алмайтын, жұмыстан шыға алмайтын адамдар бар, соларға арналған. Әлібетте уақыты, мүмкіншілігі болып тұрған адамның мешәтке келіп, имаммен бетпе-бет жүздесіп, сұрақтарына жауап алған әрине жақсы. Бірақ бұл альтернатива ретінде шығарылған дүние.
РКС: Аталған бастамаға қатысты тұрғындардың көзқарасы әрқилы. Пікірлері де екіге бөлінді.
СНХ: ЗЕЙНЕШ ТІЛЕГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Дұрыс нәрсе, үйде отырып, дінге үйренген жақсы ғой. Үйден шықпай –ақ, ауру адамдар бар, кішкентай балалармен отырғандар бар, үлкен мүмкіндік қой.
СНХ: ТОМИРИС СҰЛТАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ: Қазір мешітке келушілер аз ғой, бәрі телефон жүзінде ақпарат жүзінде болып қалса, ол дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі мешітке халықтың аз келуіне себеп болады деп ойлаймын. Имамдар халыққа жақын болуы керек деп ойлаймын. Ал қазір онлайн түрінде болып кетсе, өзіміздің барлық проблемаларымыз, шаруаларымыз телефон жүзінде қалып кетуі мүмкін. Рухани толу үшін мешітке келген жақсы.
РКС: Қазір 1511 қысқа нөмірі арқылы Kcell, Activ, Beeline және «Қазақтелеком» байланыс операторларының абоненттері call-орталыққа тегін хабарласа алады. Ал Tele2 және Altel желілерін пайдаланатын азаматтар үшін қосымша +7 707 233 30 30 байланыс нөмірі ұсынылған. Діни басқарма баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл бастама қоғамға діни мәселелер бойынша ресми, сенімді әрі қолжетімді ақпарат көзін ұсынуға бағытталған.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ