ДИКТОР: Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазір аймақта мұндай балалардың қатары 13 мыңнан асып отыр. Жуырда қалада аутизмі бар алғашқы балаларды қолдау көрсету орталығы ашылды. Сондай-ақ биыл өңірде инклюзивті білім беруді қолдауға арналған 30 кабинет жұмысын бастады. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Инклюзивті білім беру балалардың тең қолжетімділігін, жеке қажеттіліктерін ескеруді және әлеуметтік интеграцияны қамтиды. Өңірде бұл бағыт мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылады. Инклюзивті білім беруге арналған IV республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Шараға Ресей Федерациясының, сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан мен Арменияның мамандары Zoom арқылы қатысты.

СНХ: МАРАТ ЫБЫРАЕВ, ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Конференция инклюзивті саясатқа, инклюзивті мәдениет пен тәжірибеге негізделген. Оған Білім министрлігінің инклюзивті және арнаулы білім департаментінің мамандары қатысып жатыр. Мұндай шара төртінші рет өткізіліп отыр, дәстүрлі конференция деп айтуға болады. Ата-аналар мен педагогтар үшін инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері талқылануда.

РКС: Инклюзивті білім беруді дамыту облыс бойынша ерекше бақылауда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 5 арнайы мектеп-интернат, 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 21 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Ерекше балаларға арналған «Аяла» арнайы балабақшасы ашылды. Биыл №13 «Экос» мектеп-гимназиясында инклюзивті білім беру ресурстық орталығы да қолданысқа берілді.

СНХ: АЙШОЛПАН САМБАЕВА, №13 «ЭКОС» МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл ресурстық орталықта 18 маман жұмыс істейді. Ол мамандардың арнайы білімдері бар. Бұл орталықта ерекше қажеттілігі бар 92 оқушымыз білім алады. Ерекше білім қажет ететін оқушылармен ресурстық орталықта дефектологтар, логопедтер арнайы жұмыс жасайды. Күн тәртібі бойынша сабақтар өткізеді. «Монтесори», сенсорлық интеграция әдістері бойынша жұмыс жасайды.

РКС: 2023–2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту жөніндегі Жол картасында инклюзивті білім беру инфрақұрылымын кеңейту, қолдау кабинеттерінің санын арттыру және педагогтердің біліктілігін жүйелі түрде көтеру қарастырылған. Алайда мамандар бүгінде инклюзивті білім берудегі кадр тапшылығы, оларды даярлау мен оқытуды кеңейту, педагогтарды тарту мәселелері маңызды екенін айтады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ