ДИКТОР: Аймақта «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің» бесінші оқу легі басталды. Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері алдағы бес күн бойы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаларын, стратегиялық менеджментті, көшбасшылық дағдыны, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары мен қызметтік мінез-құлық ережелерін терең меңгереді. Риза Жұпария жалғастырады.

РКС: Мемлекеттік қызметке арналған арнайы курстар Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалында өтіп жатыр. Асылжан Айтмағамбет «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 4-курс студенті. Бала күнінен осы мамандыққа қызыққан, қазір онымен қоса саясатқа, мемлекеттік қызметке деген ынтасы да артқан.

СНХ: АСЫЛЖАН АЙТМАҒАМБЕТ, СТУДЕНТ: «Мемлекеттік қызмет пен осы мектеп туралы университет қабырғасындағы оқытушыларымыздан естідік. Болашағымды мемлекеттік қызмет саласымен де ұштастырғым келеді. Ал «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» – ең тамаша мүмкіндік. Кәсіби мамандардан кеңеспен қатар олардың өмірлік тәжірибесінен тағылым аламыз.

РКС: 20 жылдық еңбек өтілі бар Болат Мейірманов облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы. Ол «2025 жылғы үздік мемлекеттік қызметші» атағын иеленген маман. Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларына өзінің өмір жолын әңгімеледі.

СНХ: БОЛАТ МЕЙРАМОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ: «Бүгін мен өздеріңіздей жас әріптестерімді, біздің басқарманың қабырғасында тәжірибе өтуге шақырамын. Жұмыстың қалай ұйымдастырылатынын өз көздеріңізбен көресіздер. Теория бір бөлек, ал нақты істе мүлдем бөлек әлем. Өздеріңіздей талантты жастар бар, сондықтан барлық қабілетіңізді, біліміңізді дәл осы салада көрсетулеріңіз қажет.

РКС: Тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер, филиалдың профессорлық-оқытушылық құрамы және сала сарапшылары сабақтар өткізеді. «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жұмыс істегелі 400-ден астам адам білім алып шықты. Жобаның негізгі мақсаты – белсенді, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту және олардың әлеуетін дамыту.

РИЗА ЖҰПАРИЯ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.