ДИКТОР: Соңғы жылдары азаматтардың өз-өзіне қол салу жағдайы жиілеп кетті. Әсіресе «суицид» деп аталатын бұл күрмеуі ауыр мәселенің мектеп оқушылары арасынан да көрініс табуы тіпті алаңдатып отыр. Ал өңірде бұл жағдайдың алдын алуға қатысты қандай шаралар атқарылып жатыр? Тілші баяндайды.

РКС: Суицидтік мінез-құлық ауқымы кең түсінік. Оған өз-өзіне қол жұмсаудан бөлек, суицидке ниеттену, әрекет жасауға талпыныс сондай-ақ адамды өзін-өзі жарақаттауға итермелейтін барлық жанама көріністер кіреді. Мұндай мінез-құлықтың қалыптасуына бірнеше фактор себеп. Олардың қатарында біріншіден эмоционалдық тұрақсыздық,-дейді мамандар. Сол себепті қауіпті ерте анықтап, оның алдын алу бағытында түрлі сақтық шаралары мен профилактикалық жұмыстар күшейтілуде.

СНХ: ГҮЛІМ ШӘРІПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Кәмелетке жасы толмағандар арасында жиі кездесетін суицид әрекеттері – асылып қалу және мөлшерден тыс дәрі-дәрмектерді ішу. Бұл, біріншіден, медикаменттердің балаларға оңай әрі қолжетімді екенін білдіреді. Екіншіден, жасөспірімдердің эмоционалдық тұрғыда ұстамсыз екенін аңғартады. Қазір жасөспірімдермен, олардың ата-аналарымен және мұғалімдерімен суицидтің алдын алу бағытында жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ата-аналармен түсіндіру жұмыстары да кең көлемде жалғасуда. Себебі, балалардың суицидке өзін итермелеуі көбіне өмірден кетуге деген ниет емес, бұл олардың көмекке зәру екенін білдіретін жан айқайы. Сондықтан осы белгіге дер кезінде назар аударып, қолдау көрсету аса маңызды.

РКС: Психологтардың сөзін ата-аналар да растайды. Баланың мінез-құлқын отбасы қалыптастырады. Буллинг пен қысым сияқты жағдайлар оның мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Дегенмен, балаға ата-ана тарапынан үйде жылулық пен қолдау көрсетсе, оны өз-өзіне қол салу сияқты жаман ойдан арылтуға болады.

СНХ: ӘЛИМА ТӘЛІПОВА, АРДАГЕР-ҰСТАЗ: Кез-келген баланың ауыр кезеңдері болады. Ер балалар 12-13 жасында көп сұрақтары болады, соған жауап таппағанда әке шешесінен қолдау көрмегенде осалданып қалады. Өзіне сүйеу таба алмай қалады. Осындай кезде, бала жалғыз қалса оны түрлі жаман ойлар мазалайды. Эмоцианалды әлсіздік пайда болады. Ол балаларға біріншіден тәрбие керек қой. Отбасының қолдауы ғана алып шығады тығырықтан. Баланың тәрбиесі отбасынан басталады. Отбасында балаға назар бөлініп, жылулықпен сүйіспеншілікпен тәрбиеленсе, ерекше қабілетпен бала өседі.

РКС: Өткен жылмен салыстырғанда, биыл психологиялық қолдау орталығынан қолдау сұраушылар саны екі есе артты. Нақты айтқанда, 1900-ге жуық қоңыраудың 1500-ден астамы балалар. Осыған байланысты ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған оқыту вебинарлары мен мамандармен кәсіби тренингтер ұйымдастырылуда. Бастысы – балалар мен жасөспірімдерге QR-кодтар және психологиялық қолдау орталығының сенім телефоны 24/7 режимінде қолжетімді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ