ДИКТОР: Облыста ішімдіктен бас тартқан ауылдардың қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі Жарқайың ауданына қарасты Далабай және Тассуат ауылдары. Бұл елді мекендерде ащы су мүлдем сатылмайды әрі ауыл тұрғындары ішуден де бас тартып отыр. Салауатты өмір салтын ұстанған ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан тілші баяндасын.

РКС: Далабай ауылында 60-тан астам, Тассуат ауылында 80-ге жуық шаңырақта 400-дей тұрғын бар. Ынтымағы мен берекесі жарасқан ауыл тұрғындары аудандық полиция қызметкерлерімен келісе отырып мамыр айында арақ-шарапты түбегейлі қолдануды тыю туралы шешім қабылдаған.

СНХ: БЕРІК СЕЙІТҚАЛИЕВ, ДАЛАБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы ауылда бәрібір ішіп жатқан ешкім жоқ. Осы ауылдар қосылып таза, болмайды деп арақты тоқтаттық. Дүкенде сатылмайды және адамдар ішпейді. Оны өзіміздің денсаулығымызға, семья жағдайына бәріне жақсы болады деп, ел болайық деп келістік.

СНХ: АРАЙЛЫМ БАЙМОЛДИНОВА, ТАССУАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Менің ойымша ішімдіктің сатылмауы жақсы үрдіс. Әрі қоғам үшін пайдалы қадам. Ең бастысы бұл жастарға үлгі болады.

РКС: Жергілікті тұрғындар алкогольден бас тартқалы қылмыстық, құқық бұзушылық пен бұзақылық әрекет те күрт төмендеген.

СНХ: СЕРІК ТӨКЕНАЕВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл бастама «Зиялы қауым» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру негізінде пайда болды. Аталған елді мекендерде жағдай тұрақтанды. Қанда да бір құқық бұзушылық, қылмыс әрекеті тіркелген жоқ. Аудан бойынша соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша, мас күйінде жасалған қылмыстар 50, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 40-қа сондай-ақ бұрын сотталғандар тарапынан жасалған қылмыстар 33 процент төмендеді.

РКС: Соңғы жылдары ауылдардың әлеуметтік жағдайы да жақсарып, біршама оң өзгерістер орын алды. Мысалы, осыдан 5 жыл бұрын Далабай ауылындағы барлық үйге су желілері тартылды. Биыл тұрғындарды азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ететін дүкен ашылды. Сондай-ақ, ауыл көшелерінің 2,5 шақырымына асфальт төселді.

СНХ: СЕРІК СҰЛТАНОВ, ДАЛАБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Ауылға кіреберіс жол мен Ленин көшелеріне күн батареялары арқылы қуаттанатын 14 шам орнатылды. Ауыл ішімдіктен бас тартты. Салауатты елдің болашағы дені сау ұлтпен өркендейді, өсіп-өнеді. Саналы ұрпақ қалыптасады. Қазір ауыл жастарының дені мал және егін шаруашылығымен айналысады.

РКС: Ауданда 20-дан астам елдімекен бар. Шараптан бас тартқан Далабай және Тассуат ауылдары аудан бойынша көш бастап тұр. Жергілікті билік өкілдері мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері алдағы уақытта бұл бастаманы өзге ауылдар да құптайды деген сенімде.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ