ДИКТОР: Елімізде алғаш болып заманауи теміржол вокзалының құрылысы Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында аяқталды. Естеріңізге сала кетейік, биыл сәуірде Қазақстан бойынша 125 вокзалға ауқымды жаңғырту жұмыстары басталған еді. Соның 16-сі – Ақмола облысына тиесілі. Бұланды ауданы бұл міндетті жоспардан бұрын орындап шықты. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңадан салынған инфрақұрылымдық нысанды аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.
РКС: Жаңа вокзал ғимараты барлық заманауи талапқа толық сәйкес келеді. Нысан желдету, кондиционер және орталықтандырылған кәріз жүйелерімен жабдықталған. Кіреберісіне қазіргі технологиялар мен сапалы материалдар қолданылған. Келер жылы мұнда жаңа перрон салу жоспарланып отыр.
СНХ: ДУМАН ЖҮНІСОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Құрылыс жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, шатыр мен кіребірісі түгел жаңартылды. Сондай-ақ барлық инженерлік жүйелер заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылды. Бұған қоса вокзал алдындағы аумақты абаттандыру жұмыстары да толық орындалды.
РКС: Одан соң аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесті. Марат Ахметжанов соңғы жылдардың басты мәселесі су тасқыны екенін атап өтті. Аудан екі жыл қатарынан топан су басу қаупіне ұшыраған. Қабылданған шаралардың көпшілігі оның себептерін жоюға емес, тек салдарын реттеуге бағытталғанын атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Сол себепті шұғыл әрекет жасап, сөмкелерді дайындап, асығамыз, шалағайлыққа жол береміз. Осыған байланысты бірқатар түбегейлі шаралар қабылданды, жобалар әзірленді және қаржыландыру қарастырылды. Бұл бағытта оң нәтижелерді күтуге болады.
РКС: Қазір су тасқынының алдын алуға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Буланды және көршілес Бурабай аудандарында 6 бөгет қалпына келтіріліп, нығайту жұмыстары атқарылуда. Олар еріген судың 52 миллион текше метрін ұстай алады. Бұл ауданның 19 ауылын қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инженерлік дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 160 су өткізу құрылымының жартысы жаңадан салынса, тең жартысы қайта қалпына келтірілді. Бұған қоса бөгеттер нығайтылып, өзен арналары мен арық жүйелері тазартылды. Айта кетейік, биыл Бұланды ауданының аграрлық ұжымы 500 мың тоннадан астам дән жинап, облыстың жалпы көрсеткішінің 12,5 процентін қамтамасыз етті. Орташа өнімділік облыстық деңгейден асып, гектарына 25 центнерге жетті. Осылайша аудан облыста дәнді дақылдардың өнімділігі бойынша көшбасшы атанды. Аймақ басшысы алғашқы болып егін орып, ең жоғары өнім көрсеткен кәсіпорындарды да атап өтті. Сол үздіктердің ішінде «Журавлёвка-1» серіктестігі ерекше орынға ие болып, ауданның жалпы өнім жинағының 35,5 пайызын қамтамасыз етті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Сондай-ақ, ауданның ауыл шаруашылығы саласында ең жоғары жалақы көрсеткіші Бұланды ауданында тіркелген. Орта есеппен 469 мың теңге. Айта кетейік, бұл көрсеткіш еліміздің солтүстік өңірлерінің арасында да үздіктердің қатарында.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ