ДИКТОР: Еліміздің Ішкі істер министрі 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция – заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялағаны белгілі. Осы негізде Көкшетаудағы көліктегі полиция департаменті жылдың қорытындысын шығарды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай? Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Бұл бастама Көкшетау станциясындағы көліктегі полиция бөлімі үшін ерекше маңызды бағыттың бірі. Негізгі мақсат – теміржол көлігі аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Профилактика жылы аясында құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған жұмыстар нәтижелі болды,-дейді тәртіп сақшылары.
СНХ: ЕРЛАН РАХИМОВ, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ КӨЛІКТЕГІ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Биыл халықпен тікелей жұмыс күшейтілді, теміржол ұйымдарымен, оқу орындарымен және жолаушылармен өзара әрекеттестік кеңейді. Әрбір кездесу, әрбір түсіндіру - қауіптің алдын алуға бағытталған нақты қадам деп айта аламыз. Басты мақсатымыз – қауіпсіз орта қалыптастыру және қоғаммен тұрақты байланысты сақтау.
РКС: Профилактика жылы аясында көліктегі полиция бөлімі теміржол көлігіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында теміржол және авиа ұйымдарымен 170-ке жуық кездесу өткізген. Бұдан бөлек профилактикалық рейд, оқу орындарында дәрістер мен дөңгелек үстел, жолаушылар пойыздарында да түрлі ақпараттық бағыттағы шаралар ұйымдастырылды. Теміржол мен авиа нысандарындағы қауіпсіздік деңгейі артты.
СНХ: ЕРІК МӘЛҒАЖДАРОВ, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ КӨЛІКТЕГІ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Биыл Әкімшілік кодекстің 559-бабының 5-бөлігі бойынша – яғни белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуге қатысты 2000-нан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Мұндай фактілердің басым бөлігі пойызға кешігіп, жүгіріп өтемін деп қауіпке бас тігетін жолаушылардың әрекетінен туындайды. Алғаш рет анықталған жағдайда ескерту беріледі. Одан соң жыл ішінде қайталанса құқық бұзушылық үшін айыппұл салынады. Сондай-ақ түнгі 11-ден кейін сыртта жүрген жасөспіңрімдерге қатысты 42 хаттама толтырылды. Былтыр оның саны 35 болған еді.
РКС: Сондай-ақ, тәртіп сақшылары тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратып, күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осындай бірлескен және жүйелі іс-қимылдың нәтижесінде теміржол аймағындағы қоғамдық тәртіп едәуір нығайды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ