ДИКТОР: Көкшетауда «AQMOLA POWER» аймақтық инновациялық байқауы өтті. Бұл шарада өңірдің ізденімпаз жастары ІТ, экология және робототехника бағыттары бойынша тың жобаларын таныстырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараға биыл 150-ге жуық жас қатысты.
РКС: Айжан Ақтай - Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 3-курс студенті. Ол бұл байқауда табиғи өнімдер негізінде жасалған, экобахиланы ұсынды. Бұл өз кезегінде экологиялық тұрғыдан тиімді, әрі қауіпсіз,- дейді ол.
СНХ: АЙЖАН АҚТАЙ, ҚАТЫСУШЫ: Біз оның экологияға тиімді екенін қалай айта аламыз?Ол бізде материалында глицерин және крахмал негізінде жасалған термопластикалық және де поливинил спирті жасалынып отыр иә.Соның арқасында ол екі не алты ай аралығында ыдырайды сонымен,ал егерде басқа пластиктан жасалғанын қарайтын болсақ,ол бізде 100-500 жылдар бойы жататын болады. Яғни,пластикалық қалдықтар көбейеді және де зиян келтірілетін болады.
РКС: Ал Юсуф Мухамбеткалиев Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-шы сынып оқушысы. Оның ойлап тапқан өнертабысы бронх демікпесімен ауыратын адамдардың тыныс алу көрсеткіштерін талдап, сырқат ұстамасының жақындап қалғанын ескертеді. Қазірдің өзінде жас өнертапқыш науқастарға сынақтар жүргізіп үлгерген. Алдағы уақытта құрылғыға жасанды интеллект енгізіп, өз зерттеуін дамытуға ниетті. Сонымен қатар, өнертабысын патенттеуді де жоспарлап отыр.
СНХ: ЮСУФ МУХАМБЕТКАЛИЕВ, ҚАТЫСУШЫ: Бұған қоса, мен Artisan Education және Kazakhstan Science Engineering компанияларында тағылымдамадан өтіп жүрмін. Бұл маған мол тәжірибе беріп отыр. Мұндай байқаулар жаңа білім мен дағдыларға жол ашады, адамның көкжиегін кеңейтеді.
РКС: Әрбір жоба өзіндік бірегейлігімен ерекшеленеді. Бірі дрон арқылы алқаптағы зиянкестерді анықтауға мүмкіндік берсе, енді бірі жасанды интеллект көмегімен табиғи апаттарды болжауға арналған бағдарламаларды ұсынды. Ұйымдастырушылар да қатысушылардың тың әрі жаңашыл идеяларын жоғары бағалады.
СНХ: ДӘУРИЯ СӘРСЕНБАЕВА, КОМИССИЯ МҮШЕСІ: Бүгін біз көптеген инновациялық жобаларға куә болдық. Қатысушылар өз өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, нақты өмірлік жағдайларға байланысты жобаларды жүзеге асырғаны өте қуантады. Бұл олардың шығармашылық қабілеті мен практикалық ойлау деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
РКС: Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Экология саласында Назарбаев Зияткерлік Мектебінің оқушысы Ерасыл Қажымұқанның жобасы үздік деп танылса, IT бағытында Мансұр Ыдырыс пен Кәмшат Қосар жүлделі орынға ие болды. Робототехника бағыты бойынша Юсуф Мухамбеткалиев пен Лаура Мейрамның жобалары алдыңғы қатарға шықты. Бұған қоса, үздік деп танылған бастамалар қаржыландырылып, дарынды жастарға Aqmola Hub қолдауымен өз жобаларын әрі қарай дамытуға мүмкіндік берілмек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ