ДИКТОР: Аймақта тұрмыстық өрттің алдын алу және оның санын азайту мақсатында өрт қауіпсіздігі шаралары жалғасуда. Айта кетейік, жылу беру маусымы басталғалы өңірде тұрғын үй секторында 70 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жау 3 адамның өмірін қиған. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін құтқарушылар әр үйді аралап, дабыл қондырғыларын орнатып жатыр.

РКС: Жанар Утуганова – Зеренді ауданының тұрғыны. Жуырда оның үйінде электр сымдары тұтанып, өрт шыға жаздаған. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған көпбалалы ана бұл оқиғадан кейін бірден төтенше жағдай қызметінің мамандарымен хабарласып, дабыл құрылғысын орнатқан.

СНХ: ЖАНАР УТУГАНОВА, АУДАН ТҰРҒЫНЫ: Бүгін үйіме дабыл құрылғыларын орнатты. Қуаныштымын. Себебі жуырда үйімде электр сымдары тұтанып, өрт шыға жаздады. Бұдан кейін еш ойланбастан құтқаршыларды шақырып, дабыл құрылғысын орнатуды сұрадым. Жеке тұрғын үй секторында тұратын азаматтарға осындай дабыл құрылғысын орнатуды кеңес беремін.

РКС: Сақтықта қорлық жоқ. Жыл сайын өңірде 1 мыңға жуық өрт тіркелсе, оның басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алады. Мәселен, жылу беру маусымы басталғалы Зеренді ауданының өзінде 11 өрт оқиғасы тіркелген. Оған көбіне тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеуі себеп,-дейді мамандар. Ал орнатылған осындай дабыл құрылғылары талай жанның өмірін сақтап қалуға септігі зор. Қолға алынған профилактикалық шаралардың аясында әсіресе әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтарға айырықша көңіл бөлінуде.

СНХ: ҚАНАТ ҚУАНЫШБАЕВ, АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Аталған акция аясында әлеуметтік осал топтарға дабыл құрылғылары орнатылуда. Бүгінде 484 датчик орнатылды. Қосымша 100 датчик сатып алынды. Бұған қоса, акция аясында азаматтарға жылу беру маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі қағидаларының негізгі талаптары түсіндірілуде.

РКС: Бүгінде аудан бойынша әлеуметтік осал топ санатына жататын 500-ге жуық азамат дабыл құрылғыларымен толық қамтылған. Түсіндірме жұмыстары әлі де жалғасады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ