ДИКТОР: Көкшетауда облыстық кәсіподақ ұйымдары арасында шағын футболдан достық турнир өтті. Спорттық іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды.
РКС: Жарысқа үш команда қатысты. Турнирді өткізудегі негізгі мақсат – еңбек ұжымдары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ спорт пен салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау.
СНХ: СҮЛЕЙМЕН БАЙТІЛЕУ, «YNTYMAQ» КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІПОДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл бұл матчты алғаш рет өткіздік. Келесі жылға нақты жоспарымыз бар. Енді жиі ұйымдастырмақпыз. Яғни әр тоқсан сайын түрлі іс-шаралар өткізіледі. Алдағы уақытта 2 волейбол, баскетбол ойынын ұйымдастыру көзделіп отыр.
ШУМ:
РКС: Ойындар әрқайсысы 15 минуттан екі таймда өтті. Жеңіске жеткен командаға үш ұпай, тең нәтижеге бір ұпайдан жазылды. Өткен кездесулердің қорытындысы бойынша көшбасшылар айқындалды. Командалардың құрамында жеті ойыншыдан – бес негізгі және екі қосалқы спортшыдан болды.
СНХ: АЗАМАТ БЕКЕЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІРЖОЛЫ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ: Өзіміздің чемпионатымызды жиі өткіземіз. Сондай-ақ Қазақстан чемпионатына іріктеу турлары ұйымдастырылады. Республикалық деңгейде 22 өңірдің командасы ойнайды. Оларды таңдау аса қиындық туғызбайды. Өйткені, қызметкерлеріміз өте көп. Бұл ретте біз кезекшілікке шықпаған қызметкерлерді таңдадық. Себебі көптеген жұмысшылар ауысым бойынша жұмыс істейді. Соның ішінде машинистер де бар. Футбол ойнай алатын және осы спортқа қызығушылық танытатындар іріктеліп алынды.
СНХ: ДИАС ҚАЙЫРОВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» КӘСІПОРНЫ КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ: Кәсіподақтың арқасында біз әр аптада екі рет жаттығамыз. Біздің кәсіпорында 700-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Жыл сайын Энергетиктер күніне арнап жарыстар ұйымдастырылады, әр бөлім мен цех өз командасын шығарады. Сол командалардың ең үздіктері таңдалып, жарысқа қатысу үшін бірікті. Мұндай іс-шаралар қызықты, себебі басқа ұйымдармен бақ сынасуға болады.
РКС: Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының командасы иеленді. Екінші орынға «Қазақстан темір жолының» өкілдері шықты, ал үшінші орын «Көкшетау Жылу» командасына берілді. Үздік өнер көрсеткен қатысушыларға Құрмет грамоталары мен ақшалай сертификаттар табысталды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ