ДИКТОР: Күн суытқалы қаңғыбас иттердің адамға шабуылы жиілеп кетті. Бұл жағдай қала тұрғындарының мазасын қашырып отыр. Олардың саны неге азаймай тұр? Қауіптің алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынған? Бұл сауалдарға әріптесім Сәния Есімсейітова жауап іздеп көрді.

STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ: Застанционный тұрғындары кешқұрым түгілі, күндіздің өзінде көшеге алаңсыз шығудан қалған. Өйткені қаңғыбас иттер қаптап жүр. Көшеде емін-еркін жүрген төрт аяқтылар тұрғындарға шауып, тыныштық бермей отыр. Баласын мектепке шығарып салған ата-ана бүлдіршіні үйіне келгенше шыбын жанын шүберекке түйіп отырады.

БЛИЦ:

СНХ: АНАСТАСИЯ АСЕНОВА, ЗАСТАНЦИОННЫЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Көшеде күн суыта бастады, иттер ашығып, адамдарға шабуыл жасауға көшті. Шын мәнінде қауіпті. Мұндай оқиғалар бұрын да болған. Иттер тек адамдарға ғана емес, малдарға да қиянат жасап жатыр. Мысалы, көршіміздің тауықтарын қырып кеткен. Орталық көшедегі бір адамның қояндарын, мысықтарын жеп қойды. Бұл проблема қаланың әр аумағында орын алып отыр. Тіпті бүгін Арбакеш аялдамасы жақта әйелді ит қапқан. Куәгерлер құтқарып алмағанда соңы не боларының өзін елестету қорқынышты. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешіп, тиісті шара қолдану керек.

СНХ: СЕРГЕЙ ШУ, ЗАСТАНЦИОННЫЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Кешкісін үйден шығып, жұбайымды жұмыстан қарсы алуға шығамын. Үйдің маңында 6-7-еуі торуылдап жүреді. Иттен қорықпаймын. Десе де қолыма таяқ алып жүруге мәжбүрмін. Өйткені жұбайым қатты қорқады. Сол себепті күнде кешкісін қарсы аламын.

РКС: Күні кеше осы шағын ауданның 15 жастағы тұрғынын бір топ ит қоршап алып, біреуі қауып алған. Абырой болғанда, жасөспірімнің жарақаты жеңіл. Бұл жерде ата- ананың жан айқайын елемеу мүмкін емес. Өйткені, қыздарының жүрегінің туа біткен дерті бар. Мұндай сырқаты бар адам үшін кез-келген қорқыныш – үлкен қауіп. Сондықтан бұл оқиға мүлде басқаша аяқталуы да мүмкін еді...

СНХ: ЕРЖАН ИСКУЖЕНОВ, ЗАРДАП ШЕККЕН ҚЫЗДЫҢ ӘКЕСІ: Қызым 10 қарашада сабаққа бара жатқан кезде бес-алты ит торауылдап алған. Бірден тістеп алған. Колледжге жеткен соң дереу жедел жәрдем шақырып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қызымның жүрегінде туа біткен сырқаты бар, кардиология бөлімінде есепте тұр. Қазір үйде, дәрігерлердің қарауында, шок алып қалған. Тірі қалғанының өзі бір ғанибет. Көкшетау қаласының әкіміне, прокуратураға және жоғарыдағы жауапты органдарға үндеу тастағым келеді. Иттерді ату туралы заңды қайта қарау керек. Мұндай оқиға кез келген баланың басына түсуі мүмкін.

РКС: Жауапты мамандар қаңғыбас иттерді оқшаулауға қатысты тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын алға тартып отыр. Қазір заңға сәйкес, оларды атуға қатаң тыйым салынған. Ал ауланған иттер арнайы орындарға жеткізіледі. Иесі табылмаған жағдайда эвтаназия әдісімен ұйықтату мәселесі қаралып жатыр. Бірақ бұл мәселе құжат жүзінде әлі бекітілген жоқ. Сондықтан, нақты шешім шықпайынша, көшедегі қауіп сейілер емес.

СНХ: ӘСКЕР ҚАЙЫРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Қазір арнайы қабылдау орталығында 350 ит бар. Барлығы чиптеу, вакцинациялаудан өткізілді. Белгілі мерзімде жаңадан осы орынға жеткізілген иттер де 15 күндік карантиннен кейін қайтадан бос жіберіледі. Сол себепті олардың саны азаймайды. Үй жануарларын күтіп ұстау туралы Заңға сәйкес көптеген қожайын иттерді өздігінше серуендеуге далаға шығарып жібереді. Сөйтіп олар қаңғыбас иттермен топтасып кетеді. Бұл халық үшін үлкен қауіп төндіретіні шындық. Заңға сәйкес, әр азамат өзінің үй жануарын чиптеп, вакцинациялап, стерилизация немесе кастрациядан өткізуге міндетті. Бірақ, ол талапты ешкім орындап жатқан жоқ.

РКС: Жыл басынан бері Ақмола облысында 2200-ден астам адамды ит қауып алған. Оның жартысынан астамы қаңғыбас иттердің шабуылы. Әсіресе балалар мен қарттар үшін қауіп сейілер емес. Сондықтан бұл мәселені бір жақты етіп шешіп, қаңғыбас иттердің санын қысқарту – бүгінгі күні өзекті.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ