ДИКТОР: Шынайы қолдау – нақты нәтиженің көрінісі. Ақкөл ауданында соңғы үш айда «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Цифрлық жүйе аз қамтылған отбасыларға азық-түлікті төмен бағамен алуға беріліп отырған зор мүмкіндік. Жаңа жобаның тиімді тұстары мен тұрғындарға тигізген пайдасы жайында тілші баяндасын.

РКС: Нанның бағасы – 130 теңге. Сонымен бірге өзге де тағамның бірнеше түрін 15 пайыздық жеңілдікпен сатып алуға болады. Мұндай қолжетімді баға мен жеңілдіктер бүгінде Ақкөл қаласындағы әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасылар үшін «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы ұсынылып отыр.

СНХ: СЕРГЕЙ БАЙКО, КӘСІПКЕР: Қазақстан «Әлеуметтік әмиян» жобасын алғаш іске асырғанын мақтанышпен айтамыз. Бұл - әлеуметтік тұрғыдан осал топтың тұрғындарына арналған игі бастама. Жоба арқылы адамдар күнделікті қажет азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алып, отбасылық бюджетін едәуір үнемдейді.

РКС: Барлық сауда операциясы ұлттық тауарларды қадағалау жүйесі арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе процестің ашықтығын толықтай қамтамасыз етеді. Келісім-шарт жасаудан бастап әрбір төлемге дейін бәрі бақыланады. Жоба «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе жүзеге асырылған. Сондай-ақ, 1С жүйесіне және 12 мыңға жуық тауар түрі қамтылған арнайы онлайн-платформаға біріктірілген. Ең тиімдісі – тұрғындар тапсырысты онлайн немесе whatsapp арқылы рәсімдей алады. Жеткізу қызметі тегін. Қала тұрғыны, көп балалы ана Мария Нагорняк жаңа сервистің игілігін көріп отыр.

СНХ: МАРИЯ НАГОРНЯК, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Маған еңбекпен қамту орталығынан азық-түлікке ваучер түрінде көмек алғыңыз келе ме? деген хабарлама түсті. Мен бірден келістім. Ай сайын 23 500 теңге көлемінде ваучер аламын. Көп балалы ана ретінде бұл өте ыңғайлы. Ваучер арқылы май, нан, сүт, ірімшік, пияз, картоп және өзге де азық-түліктерді ала аламын.

РКС: «Әлеуметтік әмиян» жобасының жұмыс істегеніне үш ай ғана. Соның өзінде нақты нәтиже беріп үлгерді. Жобаның арқасында ондаған отбасы еш кедергісіз төмендетілген бағамен азық-түлік сатып алуда. Алдағы уақытта бастаманы кеңейтіп, жүйені өңірдегі басқа қалаларға да енгізу жоспарда бар. Осылайша көмек одан да көп адамға көрсетілмек.

ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ