ДИКТОР: 1993 жылы қарашаның 12-сі «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Ал үш күннен кейін, қарашаның 15-і тәуелсіз Қазақстанның төл теңгесі ресми түрде айналымға шықты. Осы күн ұлттық валюта күні ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Содан бері Ұлттық валюта егемендік пен экономикалық дербестіктің дәлелі болып келеді. Сол себепті банкноталар мен монеталардың сапасына, қорғаныс деңгейіне, дизайнына ерекше мән берілуде. Төл теңгенің күніне орай Жарқайың ауданында салтанатты шара өтті.

РКС: Ұлттық валюта күні мен қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған шара – ел экономикасының тұрақтылығын арттырып, қаржы айналымын мінсіз жүргізіп отырған сала мамандарына көрсетілген ерекше құрмет.

СНХ: ЕРБОЛ МҰҚАШЕВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгін сіздердей адал, жауапты және еңбексүйгіш мамандардың мерекесі. Сіздердің біліктіліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің арқасында мемлекетіміздің бюджеті тиімді қалыптасып, қаржылық тәртіп сақталып келеді. Экономикамыздың өсіп-өркендеуі үшін сенімді негіз жасалады. Күшті мемлекет – мықты экономиканың іргетасы деп бекерн айтылмаған. Ал осы іргетастың сенімділігін қамтамасыз ететін – осы сіздерсіздер.

РКС: Биылғы мерекенің маңызын арттыра түскен тағы бір оқиға аудан қазынашылығының құрылғанына 30 жыл. Осы айтулы датаға орай сала ардагерлері мен үздік мамандарға арнайы төсбелгілер, сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Сахна төріне көтерілген ардагерлер еңбек жолын еске алып, саладағы өзгерістер мен дамуды тілге тиек етті.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МАЙРА ЫСМАЙЫЛОВА, ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: 1993 пен 1998 жылға дейін қаржы саласында өте күрделі жағдай қалыптасты. Адамдарға жарты жылдап жалақы төленбейтін. Сол тұста әсіресе қаржы саласының мамандарына өте ауыр кезең болды. Бір жерде олқылық жіберіп жатқанымызды түсінетінбіз. Қалай болған күнде де өз валютамыз – ұлттық теңгенің енгізілуі қиындықтарды біртіндеп шешуге мүмкіндік берді. Жалақы төленіп, бюджеттік мекемелер қаржыландырыла бастады. Экономикалық даму мен тұрақтылыққа да жол ашылды.

РКС: Ұлттық валюта күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке – қаржы саласының өткені мен бүгініне құрмет көрсетіп, ауданның экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін дәріптейтін маңызды шараға айналды. Мерекелік жиын жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

ИНТЕРШУМ:

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ