ДИКТОР: Әдебиетті терең зерттеген заңгер кемде-кем. Ал әдебиет пен заңды өзара сабақтастыру – шеберлік. Кейіпкеріміз Марат Азбанбаев – өмірінің санаулы ғұмырын заң мен тәртіпке арнаған білікті маман әрі әдебиеттанушы. Күні кеше ол Көкшетауға арнайы келіп, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Абай күнделігі - құқықтың қайнар көзі» атты кездесу кешін өткізді.

РКС: Марат Азбанбаев сот жүйесінде 30 жылға жуық қызмет еткен тәжірибелі заңгер. Сондықтан оның шығармаларының денінің әдебиет және заң жанрында жазылуы - заңдылық. Ол Ұлы Абай дәуіріндегі сот істерін бүгінгі сот тәжірибесімен салыстыра отырып, тың еңбектер жазды. Сонымен қатар «Қарқабат», «Әділ, әсем әлем» секілді мазмұны терең, ойға жетелейтін кітаптары да оқырманға жол тартқан. Бүгінгі кездесу де әдебиеттегі әділдік пен сот жүйесіндегі әділдіктің өзара сабақтастығын айқын көрсетті.

СНХ: МАРАТ АЗБАНБАЕВ, ҚР СУДЬЯЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Шоқанның шығармасындағы ең негізгі тақырып әділдік мәселесі. Ол өзінің бірнеше еңбектерінде «Юридический» деген сөзді қолданады. Сондағы юридический сөзінің мағынасы, әділ сөзді айта білу. Абайда да бар ол. «Әділдік ісінің алды артын байқарлық білім болсын» деп айтады. Біздің сот жүйесінде судьяға тек қана билік лауазымындағы адам деп қарайды. Алайда сот дегеніміз - ол зерттеуші адам. Сот отырысында бүкіл қоғамның мінезі өтеді. Адамның мінезі қаралады, заң талданады.

РКС: Екі түрлі мамандықты үйлестіре білген заңгер құқық жүйесінің маңызы мен оның құндылықтарына ерекше тоқталды. Ол әдебиеттің шеңбері тар емес екенін, оны кез келген саламен сабақтастыруға болатынын өз мысалы арқылы дәлелдеді.

СНХ: ЖАДЫРА ӘУБӘКІРОВА, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Абай атамыздың кезінен басталған әділетті жүйені қазіргі кездегі сот жүйесімен салыстырып үлкен дүние жазған екен. Бұл кісімен бүгін маңызды, қоғамға қажет мтың ойлармен бөліскен үлкен кездесу болды. Барлық жиналған қауымға ұнады деп ойлаймын. Тек қана құқық қана емес, осы үлкен жиналыста Абайтану туралы айтылды, Шоқантану туралы айтылды. Яғни, құқық пен әдебиеттің байланысы туралы айтылды.

РКС: Марат Азбанбаевтың авторлығымен 8 кітап жарыққа шықты. Бүгінде оның бәрі Гоголь атындағы Қарағанды облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында және Ұлттық академиялық кітапханада сақтаулы. Бұл - оның құқық саласы мен қазақ әдебиетіне қосқан баға жетпес мұрасы.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ